Исатай ауданы Аққыстау ауылынан 2 шақырым жердегі далалықтағы өрт сөндіру ғимаратының құрылысы үш жылдан бері тоқтап тұр.
Бұл нысан құрылысы 406 млн 901 мың теңгеге бағаланды. Құрылыс жұмыстары 2019 жылдың мамырында басталып, 2021 жылдың шілде айында аяқтау міндеттелген. Алайда "Гамма-С" ЖШС нысан құрылысын уақтылы аяқтамады. Ғимарат бой көтергенімен өрт сөндіру техникасы тұратын бокстың (бөлік) шатыры жабылмаған күйде тұр. Үш жылдан бері аяқталмай тұрған ғимаратың іргетасынан жалғасқан жарық қабырғасына дейін жеткен.
- Мердігер мекеме "Гамма-С" ЖШС-гі келісім шартта жүктелген міндеттемелерді орындамауына байланысты құрылыс жұмыстары толығымен тоқтатылды. 2021 жылы басқарма тарапынан Атырау облыстық мамандандырылған экономикалық сотқа талап арыз бердік. Нәтижесінде сот мердігер мекемені жосықсыз қатысушы деп тану жөнінде шешім шығарды, - дейді облыстық құрылыс басқармасының бастығы Нұрберген ҚҰСАЙЫНОВ. - Биыл, яғни 2024 жылы ғимараттың техникалық жағдайына тексеру жүргізіп, құрылыс жұмыстарын толық аяқтау мақсатында қайтадан тендер өтеді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор