Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Bloomberg агенттігінің Қашаған операторы туралы мақаласына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды kursiv.media.
Журналистер Нысанбаевтан «NCOC-қа салынған айыппұлды кешіресіз бе?» деп сұрады. Министр компания жұмысынан заң бұзушылықтар анықталғанын, ол мәселенің барлығы заң шеңберіне шешілуі тиіс екенін айтты.
«Құрылымдық бөлімшеде, атап айтқанда, Атырау облысы бойынша экология департаментінде жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша 1 млн тоннаға жуық күкірттің артық қоймасы анықталды. Стандарт 750 мың сақтауға мүмкіндік береді. Ал бұл көлем үшін 2 трлн 300 миллиард теңге айыппұл салынды. NCOC Астана қаласының сотына шағым түсіріп, 10 тармақтың үшеуі олардың пайдасына шешілді, соның ішінде күкіртті артық сақтау. Біз келіспедік, кассациялық шағым түсірдік, бүгін қаралып жатыр. Барлық мәселелер заң шеңберінде шешілетін болады»,- деді министр.
Министрі ешқандай келісім жасалмағанын тек заң талабына сай жұмыс жүргізіп жатқанын тағы да баса айтты.
«Қоршаған ортаны қорғау министрлігі тексеріс жүргізді, нәтижесінде айыппұл салу туралы ұйғарым шығардық. Бүгін біз өз тарапымыздан тиісті жұмыстар жүргзіп жатырмыз. Бұл мәселе сотта шешіледі. Сондықтан сот шешімін күтеміз»,- деді Нысанбаев.
Министр осы орайда консорциуммен алдағы екі жылда әлеуметтік жобаларға 110 миллион доллар инвестиция салынатыны жөніндегі келісім жасалғаны туралы ақпаратты растай алмады.
«Мен растай алмаймын. Өз тарапымнан растай алмаймын. Өйткені, біз өз құзыреттілігіміз шеңберінде жұмыс істеп, бүгінде осы компаниямен соттасып жатырмыз. Заң бұзушылық үшін – 2 триллион 300 млрд теңге салынды. Ол ақшаны мен алмаймын, айыппұлды есептеу әдістемесі осы соманы шығарып берді»,- деді ол.
Вloomberg мақаласы
Еске сала кетсек, Вloomberg басылымы Қашаған оперторлары айыпұл мәселесін шешу үшін Қазақстан үкіметімен келіссөз жүргізіп, 200 млн доллар көлемінде инвестиция салуды қарастырып жатқаны туралы жазды. Сондай-ақ компания күкірт көлемін барынша азайтатынын алға тартқан.
«NCOC халықаралық серіктестері, соның ішінде Eni SpA, Shell Plc, Exxon Mobil Corp. және TotalEnergies SE қазіргі уақытта 200 млн АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай өтемақы мәселесін талқылап жатыр. Бұл қаражатты әлеуметтік жобаларға жұмсау ұсынылып отыр», –деп жазады Вloomberg жағдаймен таныс адамдарға сілтеме жасап.
Сонымен бірге келіссөздер сәтті жүзеге асатын болса, оператор Қашаған кен орнын кеңейтуге, соның ішінде жаңа газ өңдеу зауыттарын салуға ниетті екені туралы жазған.
Осы даулы жағдайға байланысты Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пікірі білдіріп, Қазақстан Қарашығанақ пен Қашаған мұнай-газ кен орындарының операторлары – KPO мен NCOC компанияларын сотқа бергенде, пайда табуды көздемейтінін мәлімдеген.
Ал министр Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бүкіл сот процесі ұлттық заң мен халықаралық құқық аясында жүргізілетінін мәлімдеді. Ол Қашағандағы тексеріс нәтижесінде рұқсат етілген 773 мың тоннаның орнына 1,7 млн тонна күкірт жинақталғанын еске салды. Ол сондай-ақ Қашаған кен орнының операторына 5,1 млрд доллар айыппұл салу мәселесін сотты айналып өтіп шешуді көздемейтінін мәлімдеді.