Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Атырау қаласы аумағында, облысымызды қиып өтетін республикалық маңызы бар Атырау-Индер, Сағыз-Миялы, Құлсары-Теңіз тас жолдарында 28 «Кибер-шериф» кешені орнатылған арнайы автопатрульдер қызметін атқарады, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
- Бұл жүйе 360 градуста көріністі бақылап, бір мезгілде 50 автокөлікті анықтай алады. «Кибер-шериф» жүйесі көлік ағынын тіркейді және жол қозғалысы ережелерін, оның ішінде белгіленген жылдамдық шегінен асып кетуге қатысты бұзушылықтарды анықтайды. Сонымен қатар, бұл кешен түрлі себептермен іздеуде жүрген көліктерді, сондай-ақ жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлері бар көліктерді анықтауға мүмкіндік береді. Анықталған құқық бұзушылық деректері полиция қызметкерлерінің қатысуынсыз, автоматты түрде базаға түсіп, электронды хаттама қаулысы 1 апта ішінде көлік иесінің мекен жайына жолданады,- дейді Атырау облысы ПД Жергілікті полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Ерлан Биғамбаев.
Айта кетейік, жаңа толықтырулар қаңтар айының 22-сінен бастап 1 ақпанға дейін сынақтық режимде жұмыс жасап, 1 ақпаннан бастап толықтай жүйеге енеді. Жол қозғалысына қатысушыларға жол ережесін қатаң сақтап, тас жолдарда жылдамдық режимін асырмау сұралады.
Дайындаған Жомарт ӘМІРХАНОВ