Көп балалы ана А. «Жылыой ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автокөлік жолдары тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ-нің тұрғын үйге кезегінен алып тастау әрекетін даулаған, деп хабарлайды Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты.
Сотта жалғыз басты ананың асырауында кәмелетке толмаған 5 баласы бары және үй жалдап тұратыны анықталды.
ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 73-бабының 5) тармақшасына сәйкес, тұрғынжайға мұқтаж деп танылған және тұрғынжай алғанға дейін есепке қойылған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар есептен шығарып тасталуға жатпайды делінген.
Істі қарау барысында тараптар судьямен жүргізілген медиациялық келісімге келді. Оның шарттарына сәйкес, ТКШ бөлімі көп балалының тұрғын үйге кезегін бір ай ішінде қалпына келтіруге міндеттенді.
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының ұйғарымымен дауды медиация тәртібінде реттеу туралы келісім бекітіліп, оны орындамау салдары тараптарға түсіндірілді.
Сот ұйғарымы заңды күшіне енген жоқ.
Дайындаған Жомарт ӘМІРХАНОВ