Флорида губернаторы Рон Деcантис жексенбіде Республикалық партиядан президенттікке үміткер болудан бас тартқанын және cайлауда алдыңғы қатарда тұрған бұрынғы президент Дональд Трампты қолдайтынын мәлімдеді, деп жазады "Қазақпарат" агенттігі.
Десантис бұл шешімді Х әлеуметтік желісінде (бұрынғы Twitter) жеке аккаунтындағы видеода жариялады.
Онда Десантис Айова штатындағы кокустарда екінші орын алған соң «бізде жеңіске жетудің нақты жоспары болмаса, қолдаушыларымыздан уақыт бөліп, ресурстарын құрбан етуді сұрай алмайтынын» айтты.
Бір апта бұрын Айовада өткен президенттікке кандидат үшін партиялық сайлаудың бірінші кокустарында Десантис екінші орын алып, ал Трамп үлкен басымдықпен жеңді.
Трамп Республикалық партияның бұл штаттағы мүшелерінің 51 пайыз дауысын, ал Десантис — небәрі 21 пайыз дауыс жинады.
«Республикалық партияның праймеризіндегі сайлаушылардың көпшілігі Дональд Трампқа екінші мүмкіндік бергісі келетіні анық […] Мен оны қолдаймын, өйткені біз бұрынғы республикалық гвардияға немесе Ники Хейли ұсынатын қайта корпоративизмге орала алмаймыз», — деді Десантис.
Рон Десантис Республикалық партияның екінші штат, Нью-Гемпширдегі праймеризіне екі күн қалғанда сайлаудан бас тартты.
Бұл ретте соңғы сауалнаманың бірі бұл штатта ол Трамптан (50%) және кандидат Ники Хейлиден (34%) әлдеқайда артта қалып, бес пайызбен үшінші орын алатынын көрсетті.
Енді Трамптың Республикалық партиядан кандидат болуға күресте тағы бір маңызды қарсыласы қалды, ол — Оңтүстік Каролинаның бұрынғы губернаторы және АҚШ-тың БҰҰ-дағы бұрынғы елшісі Ники Хейли.