Атырау, 25 қараша 22:26
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Пікір айту құқығы: Макс Боқай сотқа тартылып жатыр

861 просмотра

19 қаңтарда №2 Атырау қалалық соты белсенді Макс БОҚАЙДЫ әкімшілік қадағалау мерзімін ұзарту бойынша істі қарады.

М. Боқайға қатысты бүкіл сот отырысы бұған дейін орыс тілінде өткендіктен, ол судья Зәуре ҚАЗАҚБАЙДАН бұл істің де орыс тілінде қаралуын және іс материалдарымен өзін таныстыруын сұрады. Осыған байланысты судья сотты дүйсенбі, 22 қаңтар күні түскі сағат 15:00-ке ауыстырды.

Еске салсақ, Атырау соты Боқайға 2021 жылы ақпанда қамаудан шыққан соң әкімшілік қадағалау орнату бойынша үш жылға төрт әкімшілік шектеу қойды және әкімшілік қадағалау тағайындады. Белсенді бұл шектеуге апелляциялық шағым түсіргенімен, Атырау облыстық соты оны қанағаттандырмады. М. Боқайдың әкімшілік қадағалау мерзімі биыл наурызда аяқталуы керек еді. 

Оған Атырау қаласынан рұқсатсыз шығуға және жұмысқа байланысты міндеттерді қоспағанда, жұмыс күндері кешкі сағат оннан таңғы алтыға дейін, сондай-ақ мереке және демалыс күндері үйден шығуға тыйым салынды. Сонымен қатар, көшелерде, алаңдар мен саябақтарда, ойын-сауық орындарында және басқа да қоғамдық орындарда әлеуметтік маңызы бар мәселелерді талқылауға, пікір білдіруге тыйым салынды. Одан бөлек, әкімшілік бақылау мерзімі ішінде Атырау қалалық полиция басқармасына айына бір рет белгіленуі тиіс.

Полиция Макс Боқайға пробация қызметінің профилактикалық әңгімесінен сабақ алмаған, әлеуметтік желілерде өз пікірін білдірген деген сынды айыптар тағып отыр. Бірақ белсенді де, оның адвокаты да бірде-бір айыппен келіспейді және мұны заңсыз деп санайды.  

Адвокат Жанар СҮНДЕТҚАЛИЕВА М.Боқай да Конституцияға сәйкес азаматтық пікірін білдіруге құқылы, ол пікірін қоғамдық ұйым арқылы білдірген жоқ және ұлт қауіпсіздігіне қатер төнетіндей ой айтқан жоқ. 

Бұған дейін, 13 қаңтарда М. Боқайдың үйіне пробация және полиция қызметкерлері келіп, оны «сот шешімін орындамады» және «әкімшілік қадағалау қағидаларын бұзды» деп айыптаған. Полиция былтыр қарашада YouTube желісіндегі «Политон клуб» арнасына сұхбат бергені үшін және өзінің Facebook парақшасында 31 қаңтарды саяси тұтқындар күні деп жариялауды ұсынғаны үшін әкімшілік хаттама толтырып кеткен.

Ертесіне сот болып, оған «сот шешімін орындамағаны» үшін 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 18 460 теңге айыппұл салынған. Ал келесі күні Атырау қалалық полиция басқармасына шақырып, «әкiмшiлiк қадағалау қағидаларын» бұзғаны үшін ескерту жасау жөнінде қаулы тапсырған.

Боқай Қазақстанда терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар ұйымдар мен тұлғалар тізіміне енгені белгілі. Оның жеке салық төлеушінің сәйкестендіру номері бұғатталған. Сол себепті ол банктен шот аша алмайды. Банк карточкасы болмаса, сот салған айыппұлды қалай төлейтінін білмейді

М. Боқай дәл қазір оны шектеуді бұздың деп айыптаудың артында қысым көрсету жатыр деп бағалайды. Ол «бұл биліктің белсенділерді қудалауы» деген пікірде. Ал әкімшілік қадағалау мерзімін ұзарту туралы ұсынысты қалалық полиция бөлімі енгізді.

Айнұр САПАРОВА

21 қаңтар, 13:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.