Атырау, 25 қараша 22:47
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жаңа нұсқадағы ескі әндер

Сурет Бейнежазба
1 243 просмотра

Атыраудың «Kilen creative hub» шығармашылық ұйымы «Estelik» музыкалық жобасы аясында Жайық туралы әндерді жаңа нұсқада ұсына бастады. Әндер ұйымның дыбыс жазу студиясында өңделген. Бүгіннің өзінде бес ескі де есті ән қайта өңделді.

Олар - «Жайықтың толқындары», «Ақерке – Ақжайық», «Жайықпен жүздескенде», «Көп болды-ау Ақжайыққа бармағалы» және «Еділ мен Жайық» әндері. Барлық әнді де «Jauapsyz», «Huzun» мен «Aitkym Kelgeni» секілді хит әндердің авторы және дыбыс продюссері, битмейкер, «Kilen creative hub» шығармашылық ұйымының негізін қалаушылардың бірі Ерсұлтан БАҒЫТЖАН өңдеген.

Ал «Kilen creative hub» ұйымы 2021 жылы құрылған. Ұйым өнер мен музыканы сүйетін шығармашыл жастардан құралған қоғамдастық құру мақсатында пайда болған. «Estelik» музыкалық жобасын жүзеге асыруда осы қоғамдастық мүшелерінің талантты әртістері мен креатив түсірілім тобының еңбегі зор. Олардың бүкіл композициясын Youtube, Apple music, Spotify секілді музыкалық платформалардан тыңдауға болады. Қазіргі уақытта жарияланып үлгергені Райымбек КАДЕННІҢ орындауындағы «Ақерке – Ақжайық» және Абзал СИҒУАТ орындаған «Жайықтың толқындары» әндері.

- Жобаны жарыққа шығаруда ұжымның еңбегі зор. Әрқайсысы өзіне берілген жұмысты асқан жауапкершілікпен атқарып шықты. Мен дыбыс продюссері болғандықтан, әндерді өңдеу маған тапсырылды. Жобаны аяқтау үшін ұзақ уақыт қажет болды. Өйткені, әнші дауысынан бөлек, артындағы бэк вокал, 100-ден астам хор қатысушыларының дауысын жазып өңдеу, ретке келтіру секілді жұмыстар оңайға соқпады, - дейді Е.Бағытжан.

Жастар арасында «Aidhn» лақап атымен таныс атыраулық әнші Айдын КІТАПҚАЛИ да орындаушы ретінде әрі әндерді өңдеп, әрлеуге тікелей қатысқан. 

- Әндерді бұзбай орындауға күш салып, әнге обал жасамауға барынша мән бердім, - дейді әнші.

- Біз таңдап алған әндер халықтың арасында үлкен құрметке ие туындылар. Сол себепті, әндерді орындау кезінде, аранжировка кезінде олардың құндылықтарын жоғалтып алмауға тырыстық. Жалпы, тарихымыздағы әндердің көбі классикалық музыкадағы стандартты өлшемдерге симайды. Осы бағытта көп күш пен уақытты жұмсадық. Ең күрделі әрі қызықты жұмыс әнге аранжировка жасап, оны түпнұсқаға барынша ұқсатуға тырысу, - дейді Айдын.

Жобаның аясында келесі маусымда «Kilen creative hub» шығармашылық ұйымы қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды ДОСЫМОВТЫҢ әндеріне арнайды. 

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

Фото: kilen creative hub


21 қаңтар, 13:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.