«Назарбаев Зияткерлік мектептері» 2024-2025 оқу жылында білім алатын 7-сыныптар үшін «Өркен» білім беру грантын тағайындауға конкурс жариялады. Бұл туралы Атыраудағы NIS директоры Ерали БИЖАНОВ баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
- 10 жылдық тарихы бар, әлемдік білім аренасында өзіндік орны бар зияткерлік мектебімізге алдағы оқу жылына 7-сынып оқушыларын қабылдау үшін құжат қабылдау науқаны 8 қаңтар күні басталып кетті. Назарбаев Зияткерлік мектебіне ұл-қызын оқытуға ниетті ата-аналар қатары жыл санап көбейіп келеді. Бұл әрине бізге артылған сенім деп білеміз. Әр балаға сәтті қадам тілейміз! - деді Е.Бижанов.
Құжат қабылдау науқаны ақпанның 10-на дейін жүргізіледі. Науқан басталғалы бері 500-ден аса бала өз құжаттарын тапсырып үлгерген.
Сонымен қатар қабылдау комиссиясының жұмыс күндері сағат 09:00-18:00 дейін (түскілік үзіліс 12:00-13:00). Ал сенбі күні 09:00-13:00 дейін. Жексенбі демалыс уақыты. Сәйкесінше қабылдау комиссиясының жұмыс уақыты жергілікті Атырау қаласының уақытымен белгіленген.
Айта кетейік, конкурстық іріктеудің шарттары және тапсырмалар үлгілері туралы толық мәліметті «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы ресми сайтының «Үміткерлерге» бөлімінен ала аласыздар.
Бұдан бөлек Ерали Бижанов Назарбаев зияткерлік мектебінің былтырғы жеткен жетістіктерімен де бөлісті.
- Өткен жыл сан қилы естеліктерімен есте қалды. Мектебіміз үшін жемісті жыл болды деп айта аламын. Ең бастысы - Атыраудағы NIS-ке 10 жыл толды. 10 жылдық белес барысында мектебіміз талай ауқымды белестерді бағындырды. Өткен жылы мектебімізді бітірген 66 түлектің 20-сы Италия, Америка, Канада, Эстония, Германия, Венгрия, Түркия сияқты шет мемлекеттердің атақты университеттеріне оқуға түсті, - деді ол.