Атырау қаласы мен облыста сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасына енгізілген проблемалық нысандардың құрылысы қайта жанданды.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасын жүзеге асыру аясында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тапсырылу мерзімі кешіктірілген, қаржы жымқыру қаупі бар әлеуметтік нысандар құрылысына мониторинг жүргізіп жатыр. Осындай 8 нысан бар.
- Осындай нысандардың бірі, Махамбет ауданы Сарытоғай ауылының 200 орындық мәдениет үйі. Оның құрылысына 2017 жылы 260 млн теңге бөлінген. Алайда, объект аяқталмай, сот процесінің басталуына алып келді. Оның шеңберінде Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен мердігер "Строй проект-2017" ЖШС-мен шарт бұзылып, компания тұрақсыздық айыбын өндіріп алып, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылды, - деді Атырау облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Ерұлан СЕРІКҚАЛИЕВ Махамбет ауданына облыстың құрылыс басқармасының мамандарымен бірлескен жұмыс сапары барысында.
Қазіргі уақытта нысанды аяқтау үшін жаңа мердігер - "Гранд Мастер" ЖШС-мен шарт жасалды. Ол құрылыс-монтаж жұмыстарын қайта бастайды және аяқтайды. Осы объектілердің құрылысын аяқтаудың болжамды мерзімдері 2024 жылдың I және II жартыжылдығына жоспарланған.
Антикор облыс әкімімен бірлесіп, бұзушылықтарды жою және проблемалық объектілердің құрылысын аяқтау жөніндегі жоспарды бекітті. Сонымен қатар жауапты мемлекеттік органдарға, қалалар мен аудандардың әкімдіктеріне тапсырмалар берілген.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Сурет «АЖ» мұрағатынан