Атырау, 25 қараша 22:40
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Макс Боқай: «Олар мені жіпсіз байлауға тырысып отыр»

1 395 просмотра
"АЖ" мұрағатынан алынған сурет

Танымал атыраулық белсенді Макс БОҚАЙ ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 669-бабын («Сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамау») және 480-бабын («Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк қадағалау туралы заңнамасын бұзу») бұзды деген айыппен сотқа тартылды. Оған 5 АЕК көлемінде айыппұл салынып, ескерту туралы қаулы шығарылды.

13 қаңтарда таңертең оның үйіне екі пробация қызметкері келген. Ал біраз уақыттан соң қалалық полиция басқармасының төрт қызметкері келіп, 2023 жылы қарашада YouTube желісіндегі «Политон клуб» арнасына сұхбат бергені үшін және өзінің Facebook парақшасындағы жарияланымы үшін әкімшілік хаттама толтырып кеткен.

Әлеуметтік желідегі парақшасында М.Боқай Арон АТАБЕКТІҢ туған күні (31 қаңтарды) саяси тұтқындар күні деп жариялауды ұсынған. Ертесіне сот болып, оған «сот шешімін орындамағаны үшін» 5 АЕК көлемінде (18 460 теңге) айыппұл салынған.

- 13 қаңтарда таңертең келгендегі мақсатын полицейлер профилактикалық әңгіме өткіземіз деп түсіндірді. Менің қараша айындағы YouTube арнасында берген сұхбатыма және Facebook-тегі жарияланыма байланысты екен. Шынымды айтсам, таңертең келгеніне таң қалдым. Оның үстіне сенбі күні. Одан кейін бір сағат өтер-өтпес қалалық полиция басқармасының төрт қызметкері хаттама толтыруға келді. Мен адвокат керек, сотқа шағымданамын дедім, - дейді М. Боқай.

15 қаңтарда жергілікті уақытпен сағат 15-те белсендіні ҚПБ-ға шақырып, бір сағат ұстап, «әкімшілік қадағалауды бұзғаны үшін» ескерту берген.

Еске салайық, Макс Боқаев 2016 жылдың 24 сәуірінде Исатай мен Махамбет алаңында үкіметтің жер туралы кодексіндегі өзгертулерге қарсылық білдіріп, жер реформасына қарсы шеруге қатысты. Осыдан кейін сол жылдың қарашасында «әлеуметтік араздық тудырды», «жалған ақпарат таратты» және "митинг өткізу заңын бұзды" деген деген айыппен бес жылға сотталды. Дәл осы митингте сол кездегі Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ алаңға жиналған халыққа ереуілге шыққан азаматтар қудаланбайды, қысымға ұшырамайды деп уәде берген еді. Бірнеше мың адам жиналған жер митингін кейін бірнеше қалада қолдап, халық  алаңға шықты. Сол митингілерден кейін президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Жер кодексіндегі дау тудырған бірқатар нормаларға өзгертулерді енгізуге мораторий жариялады.

2021 жылы 4 ақпанда Макс Боқай қамаудан шыққан соң 18 ақпанда Атырау қаласының №2 соты үш жылға әкімшілік қадағалау орнату бойынша төрт әкімшілік шектеу қойды. Бұған дейін Атыраудағы сот Атырау облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің өтініші бойынша Боқаевқа үш жыл әкімшілік қадағалау тағайындаған. Белсенді бұл шектеуге апелляциялық шағым түсіргенімен, Атырау облыстық соты қанағаттандырмады.

Осылайша, М.Боқайға Атырау қаласынан рұқсатсыз шығуға, жұмыс күндері түнгі оннан таңғы алтыға дейін және мереке мен демалыс күндері жұмысқа қатысты міндеттемесінен бөлек тұрғылықты жерінен шығуына, көшелерде, алаңдарда, бақтар мен скверлерде, көңіл көтеретін нысандарда және басқа да қоғамдық орындарда қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылау мен пікір білдіруге тыйым салынды. Одан бөлек, әкімшілік бақылау мерзімі ішінде полиция органдары бекіткен уақытта тіркелу үшін Атырау қалалық полиция басқармасына айына бір рет белгіленуі тиіс.

- Жалпы, менің ойым, мұның бәрі маған әкімшілік қадағалауды ұзарту үшін жасалып отыр. Әйтпесе, 2021 жылы да соттауға материал жеткілікті еді. Алаңға шығып, сұхбат та беріп жүрдім. Әкімшілік қадағалау туралы заңда «егер әкімшілік қадағалау мерзімі аяқталғаннан кейін полиция қызметкерлері өтінішпен шықса, сот ұзартуға құқылы» деп жазылған. Бұйырса, әкімшілік қадағалаудың мерзімі үш жылдан соң осы жылдың наурыз айының басында аяқталатын еді. Мені жіпсіз байлауға тырысып отыр. Менің Тағы бір себеп - бір айдан асқан Жетібайдағы ереуіл. Полиция қызметкерлері, бүкіл авторитарлық мемлекеттің репрессивтік аппараты халық мұнайшыларға болысады немесе үлгі алады деп қорқып отырған шығар деп ойлаймын. Соған байланысты алдын ала шаралар деген ой, - деп топшылайды белсенді.

Қамаудан шыққан соң Макс Боқай 28 ақпан мен 28 наурыз аралығында Исатай-Махамбет алаңына барып, Қазақстан Конституциясын өзгертуді, билікті "ұлттық диалог" құруға шақыратынын мәлімдеген.

Макстің сөзінше, ол терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар ұйымдар мен тұлғалар тізімінде болғасын жеке салық төлеушінің сәйкестендіру номері бұғатталғанын, банктен шот аша алмайтынын, тіпті банк карточкасы жоқтығын айтады. Сондықтан ол үкімет айыппұлдарды қалай өндіріп алатынын білмеймін деп отыр.  

Айнұр САПАРОВА

17 қаңтар, 11:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.