Көпбалалы ана Ақмарал МАҚСҰТОВА былтыр мемлекет тарапынан берілген 1 млн 380 мың теңге қаражатқа ие болып, бүгінде бизнесін қарқынды дамытуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Ол «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жобасы бойынша берілген қаражатқа тафтинг тәсілімен заманауи үлгіде кілемшелер тоқитын құрылғы сатып алған.
Кәсіпкердің айтуынша, қолөнердің бұл түріне қызығушылар көп. Әсіресе заманауи тәсілмен кілемшелер тоқу әдісіне жастар жағынан сұраныс басымырақ.
- Мен мемлекет тарапынан көрсетілген бұл қолдау жайында әлеуметтік желіден білдім. Бағымды сынап көруге бекініп, құжат тапсырып, жобамды қорғадым. Бағым жанып, грант иесі атандым. Бүгінде тұтынушылар қатары артып, бизнесім алға жылжып келеді. Тафтинг әдісінде кілемше бір жіппен тоқылмайды, бірақ түйінделген шоқтармен толтырылады. Бұл кәсіп түріне көбіне жастар жағынан сұраныс көп. Сатып алушылар көбіне сыйлыққа беру мақсатында тапсырыс береді. Кілемшелердің суретін тұтынушылардың өздері таңдайды. Алдағы уақытта кәсібімді одан әрі кеңейтіп, дамытуды жоспарлап отырмын. Кез-келген жанның үлкен бастамаларына мүмкіндік беріп, қолдау болатын осы сынды жобаларға алғысымды білдіремін, - деді А.Мақсұтова.
Айта кетейік, табыс табумен қатар бекзат өнерді дәріптеп жүрген кәсіпкер ана тоқуды өзі меңгерген. Кейін білімін қосымша курстарға қатысу арқылы шыңдаған. Қазір тапсырыстың ешбірін қиынсынбай, күніне шағын 4-5 кілемше тоқып, сатуда.