Бұл туралы Үкіметтің бүгінгі отырысында Премьер-Министр Әлихан СМАЙЫЛОВ мәлімдеді.
Үкімет басшысының айтуынша, бұрын басталған ірі жобаларды іске асыру созылып кетті. Солардың бірі – Екібастұз ГРЭС-2-нің 3-ші энергия блогын салу жұмыстары.
«Бір ай мерзімде құрылыс жұмыстарын бастау қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Оған қоса батыс энергетика аймағын Бірыңғай ұлттық жүйеге қосу мәселесі шешімін таппай отыр. Осыған байланысты «KEGOС» компаниясына биыл «Ақтөбе – Атырау» электр беру желісін салу жұмыстарын бастау тапсырылды.
Үкімет басшысы сондай-ақ әкімдіктердің өңірлік электр желілерін дамыту жұмыстарынан шеттеп қалғанын айтты.
«Өңірлік электр желілік компаниялары өздерінің инвестициялық бағдарламаларының жасалуы мен орындалуын бақылап отырған жоқ. Бұған желтоқсан айында еліміздің солтүстік өңірлерінде электр қуатының жаппай өшіп қалуы дәлел. Жергілікті атқарушы органдар өңірлік электр желілік компаниялардың қызметін үйлестіруді қамтамасыз етуі тиіс», — деп түйіндеді Үкімет басшысы.
Дайындаған Жомарт ӘМІРХАНОВ