2024 жылы 16 қаңтарда Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев CNOOC International Limited Төрағасы Лю Юнцземен кездесті.
Тараптар Қазақстанның барлау, өндіру және мұнай-газ химиясы саласы бойынша компаниялар арасында орнаған ынтымақтастықтың алдағы қадамдарын талқылады.
Қытай тарапынан екіжақты ынтымақтастық шеңберінде қамтылған жобаларды одан әрі іске асыруды талқылау үшін CNOOC International Limited компаниясының бірінші басшысы, Төрағасы Лю Юнцзе бастаған бір топ CNOOC өкілдерінен үлкен делегация келді.
«ҚМГ өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды толық қолдайды және CNOOC компаниясымен жасалған Өзара түсіністік туралы меморандум осыған дәлел бола алады. Бұл құжат ынтымақтастығымызды нығайтуға және жаңа көмірсутек қорларын ашуға мүмкіндік береді деп сенеміз», - деп атап өтті ҚМГ Басқарма Төрағасы М.Мырзағалиев.
Осыған дейін 2023 жылы 16 қазанда Бейжің қаласында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) және China National Offshore Oil Corporation (СNOOC) Өзара түсіністік туралы меморандум қабылдаған болатын. Құжат мұнай-газ саласында перспективалы барлау жобаларына қатысты бірлескен геологиялық зерттеу жүргізуді, кен орындар және мұнай сервис қызметтері бойынша өзара байланысты кеңейтуді көздейді.
ҚМГ былтыр CNOOC компаниясын теңіз бен құрлықтағы бірқатар перспективалы жобалармен таныстырды. Солардың ішінде геологиялық барлау жобалары және Каспий маңы шөгінді алабындағы өңірлік жоба бар. Барлау учаскелерінің перспективасын бағалау және геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу бойынша инвестициялық шешім қабылдау үшін CNOOC мамандарына виртуалды дата-румға қосылуға мүмкіндік берілді.
Анықтама үшін:
China National Offshore Oil Corporation (CNOOC) – теңізде барлау және өндіру жұмыстарына маманданған, жеке мұнай-газ компаниялары арасында әлемдік көшбасшылардың бірі. Компания акциялары 2001 жылдан бастап Гонконг қор биржасында (NYSE) жарияланған. Компания активтері 4 құрлықта 20-дан астам елде шоғырланған.