Алматы қаласында 8-13 қаңтар аралығында математика, физика және информатика пәні бойынша О.Жәутіков атындағы ХХ халықаралық олимпиада өтті. Білім бәсекесіне Атырау облысынан 11 оқушы қатысып, 9 оқушы жүлдегер атанды.
Бес күміс, төрт қола жүлдеге ие болған озаттың барлығы №1 «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11 сынып оқушылары.
Атап айтсақ, физика пәнінен Нұрасыл Барлыбаев күміс, Нұрбол Закир мен Бейбарыс Дүйсебалиев қола жүлдегер атанды.
Информатика пәнінен Махамбет Тұрғали мен Мансур Таймас күміс жүлдені қоржынға салса, математика пәнінен Орынбасар Бердібек, Мирас Бисембаев күміс, Аят Абдуллаев пен Мансур Үмбетқали қола жүлдеге табан тіреді.
Білімге сенген, озат ойлы түлектер, осылайша лицей тарихындағы үздік нәтиже көрсетті.
Жалпы мерейтойлық олимпиадаға әлемнің 16 елінен 700-ден астам оқушы қатысты. Қазақстандық оқушылар 109 медальге қол жеткізсе, оның 10-ы алтын, 43-і күміс, 56-ы қола.