2024 жылы аймаққа шет елдерден 346 отбасы 431 этникалық қазақ көшіп келіп, «қандас» мәртебесін алды. Бұл туралы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат МӘМБЕТОВ мәлім етті.
Атап айтсақ, Өзбекстан Республикасынан 198 отбасы болатын 264 адам, Қытай Халық Республикасынан 3 отбасы - 4 адам, Ресей Федерациясынан 138 отбасы - 152 адам, Түрікменстан Республикасынан 3 отбасы - 6 адам, Монғолиядан 3 отбасы - 4 адам және Украина Республикасынан 1 адам қоныс аударды.
Олардың ішінен 381 адам болатын 308 отбасы Атырау қаласына, 20 отбасы - 22 адам Жылыой ауданына, Исатай ауданына бір адам, Индер ауданына екі адам, Құрманғазы ауданына 10 отбасы - 20 адам, Махамбет ауданына 1 адам және Мақат ауданына 4 адам қоныстанды.
- Облыста қандастарды уақытша орналастыру орталығы қызмет атқарады. Бүгінде тұрғын үй кезегінде 43, ал жұмыспен қамту орталықтарында 22 қандас жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Жұмыспен қамту орталықтарына үш қандас хабарласып, тұрақты жұмысқа орналасты. Жұмыссыздық есебінде тіркеуде тұрған төрт қандас «Бастау Бизнес» курсын оқып сертификат алды, - деді А.Мәмбетов.
Айта кетейік, өткен жылы еліміз бойынша 21 325 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған. Ал 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 128 мың 300 этникалық қазақ оралған.