2024 жылдың 11 қаңтарында Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Анаргүл Салихова және Сот әкімшілігінің Атырау облысы бойынша Департаментінің басшысы Гүлжан Жұмағалиева Атырау облысы Мақат аудандық сотында жұмыс сапарымен болып, ұжымға және аудан активіне жаңа судьяны таныстырды, деп хабарлайды Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі.
Жиналысқа Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимов, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, ардагерлер қатысты.
ҚР президентінің 2023 жылғы 24 наурыздағы №150 Жарлығымен Құрмет Орыспаев Атырау облысы Мақат аудандық сотының судьясы лауазымына тағайындалды.
Құрмет Орыспаев 1992 жылы туған. Сот жүйесіндегі еңбек жолын 2015 жылы бастаған. Әр жылдары Атырау облысының соттарында, Соттар әкімшісінде бас маман қызметінде болған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясын бітірген.
«Судья лауазымына тағайындалған кейін Қ. Орыспаев өндірістік қажеттілікке байланысты Атырау қаласының №2 сотында қызметтік іс сапарда болды. Қазіргі уақытта Мақат аудандық сотында судья қызметіне кірісті. Атырау облыстық соты төрағасының өкімімен Қ. Орыспаевқа осы аудандық сот төрағасының міндеттері жүктелген», - деп толықтырды А.Салихова.
Сот алқасының төрағасы А. Салихова және Департамент басшысы Г. Жұмағалиева судьяға жаңа қызметте жетістіктер және өз міндеттерін адал атқаруды тіледі.
Дайындаған Жомарт ӘМІРХАНОВ