Атырау, 25 қыркүйек 20:15
 ашықВ Атырау +9
$ 479.71
€ 533.77
₽ 5.16

Ірі дүкен желілері тұтынушыларды алдап келеді - сарапшы

467 просмотра
Сурет: azattyq-ruhy.kz

Жаңа жыл қарсаңында және одан кейінгі демалыс кезінде жеңілдікпен тауар ұсыну – көптеген ірі дүкендер желісі қолданатын маркетинг тәсілі. Әртүрлі мереке қарсаңында да тауарларды жеңілдекпен сату азайған емес. Бұл ретте, қосымша «тегін» деп ұсынылған қызметтің ақысын тексеру, жеңілдікпен ұсынылған тауарды алу ережесін білу, алданып қалмау аса маңызды. Azattyq Ruhy тілшісі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы Меруерт Асқарқызының кеңестерін ұсынады. Сарапшы алданып қалатын тұрғындардың аз еместігін айтады.  

ҚОСЫМША ҚЫЗМЕТТІ МӘЖБҮРЛЕП АЛҒЫЗУ – ЗАҢСЫЗ!

Заң бойынша, бір тауарды сатып алу кезінде өзге де тауарларды міндетті түрде сатып алуды ұсыну, сондай-ақ тауар сатып алуды кепілдік міндеттемені орындау шарты ретінде тануға тыйым салынған. Мәселені, тауардың кепілдік құнын сатып алу заңсыз. Соған қарамастан саудагерлер қосымша пайда табуды көздеп түрлі заңсыздықтарға барады.

«Саудагерлер соңғы кезде тұтынушы құқығын бұзудың тағы бір амалын ойлап тауыпты. Мәселен, тұрмыстық техника немесе гаджет сатып алушылар қосымша шартқа қол қоюға мәжбүрленетін көрінеді. Мәселен, смартфон сатып алушыға әртүрлі қосымшаларды немесе кепілдік көрсету қызметін қосымша ақыға сатып алу міндеттеледі. Сөйтіп, тұтынушы смартфон бағасына қоса басқа да шығындарға ұшырайды. Бұл – құқық бұзушылық. Өйткені, тұтынушының еркін шарт жасасуға құқығы бар. «Сауда орталықтарының қызметкерлері смартфон сатып алушыларға акция бойынша тегін қосымша жүктеп беру туралы қызмет ұсынады. Тегін дегенге көпшілік бірден келісіп, келісімшартты оқымастан қол қоя салады. Шын мәнінде, бұл қызмет ақылы болып шығады. Бұл – айласын асырғысы келген сатушылардың қулығы, сатып алушыларды алдау», - деді сарапшы Меруерт Асқарқызы.

БАҒА СӘЙКЕССІЗДІГІ

Спикердің айтуынша, тұрғындар тарапынан жиі жасалатын шағымның бірі – түбіртек пен сөреде көрсетілген бағаның сәйкессіздігі. Бұл әсіресе азық-түлік сататын ірі дүкен желілерінде күнделікті кездесетін келеңсіздіктер.

«Мұны сатушылар сөредегі бағаларды ауыстыруға үлгермейтінімен түсіндіріп ақталады. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға сәйкес, сатушы тауардың бағалар зат таңбасымен ресімделген, сауда нысанының витриналарында көрсетілген құнына сәйкес сатуға міндетті, ал тұтынушы сол бағамен сатып алуға құқылы. Бұл ретте кассалық чекті әр кез мұқият қарауға, баға сәйкессіздігі анықталса, дереу дүкен әкімшілігіне жүгінуге кеңес береміз. Тіпті, құқықбұзушылық дерегін растау үшін тұтынушының фото және бейнетүсірілім жүргізуге де хақысы бар. Сатушы бұзушылықты ерікті түрде жоймаса, тұтынушы бұзылған құқықтар мен заңды мүдделерді қорғау үшін уәкілетті мемлекеттік органға және сотқа жүгінуге құқылы. Бұл – тұтынушы құқығын бұзу және оларға қысым жасайтын талап. Қалай есеп айырылысқанына қарамастан, тауар бағасы бірдей болуы тиіс», - деп ескертті маман.

ЖЕҢІЛДІКПЕН САТЫЛҒАН ЗАТТЫ ҚАЙТАРУ НЕМЕСЕ АЙЫРБАСТАУ

Жеңілдікпен сатылған заттарды да қайтаруға болады. Тауар ұнамай қалған жағдайда оны ауыстыру немесе кері қайтаруға тиым салу заңға қайшы. “Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы” заңның 30-бабына сәйкес, кез келген заттың тауарлық түрі бұзылмаса, 14 күн ішінде қайтаруға болады.

АҚПАРАТТЫҢ ЕКІ ТІЛДЕ БОЛУЫ МІНДЕТТІ

Сатушы немесе тауарды сатқан компания заттарды, ондағы ақпараттарды қазақ және орыс тілдерінде беруге міндетті.

«Бұл талап  2022 жылы желтоқсан айының соңында енгізілді. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік саясат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қабылданып, соған сәйкес «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға толықтырулар енгізілді. Енді бір ғана тілде немесе шет тілінде берілген ақпарат берілмегенмен тең болып есептеледі», - деді маман.

Тағы бір назар аударатын жағдай, ол фейктің қаптамасы түпнұсқа қаптамаға қарағанда әлдеқайда тартымды болып көрінетін жағдайлар жиі кездеседі. Мұның бәрі сатып алушылардың назарын аудару үшін жасалады.

«Барлық сатып алынған тауарды тексеріп алған жөн. Егер бұл қымбат тауар болса, жазбаша түрде келісім-шарт жасасу керек. Мен әрқашан чектерді сақтау керек екеніне назар аударғым келеді. Егер тауар ұзақ уақыт сақталса және пайдаланылса – бұл өте маңызды. Чек болмаған жағдайда, дәл осы жерден тауар сатып алғаныңызды дәлелдеу өте қиын. Сондай-ақ, тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы Заңға сәйкес, фото, бейнетүсірілім сотта дәлел болып саналады, сондықтан бұзушылықтарды жазып алған жөн», - деді спикер.

Интернет-дүкен немесе сай арқылы тауар сатып аларда, төмендегідей жағдайларды ескеру керек:  

1) Белгілі, әрі ірі дүкенді таңдау. Осылай істегенде ғана тұтынушы интернет-алаяқтыққа ұшырамайды, алайда белгілі сайттардың клондары (көшірмелері) туралы әрқашан есте сақтау керек, сол себепті оған көз жеткізген жөн. URL-адресті мұқият тексеру. Әрқашан сертификатпен расталған қауіпсіз қосылуды (HTTPS) қолдайтын сайттарды ғана пайдалану. Браузердің адрестік жолында URL алдында иконка құлыпшасы болуы тиіс. Ол сайттың әдеттегі http орнына https қорғалатын қосылуды пайдалатындығын білдіреді.

2) Пікірлерді оқу. Сатып алушылардан келген кері байланысқа талдау жасауда маңызды. Егер тауардың сапасына, жеткізу мерзіміне, осы дүкен қызметкерлерінің әрекетіне немесе әрекетсіздігіне риза болмаған және ашулы адамдар саны көп болса, осы онлайн-магазиннен сауда жасаудың мақсатқа сай екендігі туралы ойлану. Көптеген жағымды пікірлердің жалған болуын, тапсырыспен жазылғандығын да  естен шығаруға болмайды.

3) Төлем әдістерін таңдау. Онлайн-дүкен неғұрлым көп төлем әдістерін ұсынса, соғұрлым жақсы. Егер ақшаны жеткізу кезінде немесе аудару арқылы төлеуге болса, тіптен жақсы. Алайда, барлық сақтық шараларын сақтай отырып, Сіз сатушының адалдығына, URL-нің дұрыстығына көз жеткізіп, сатып алушылардан дүкен туралы пікірлерді оқып шықсаңыз, картамен де төлей аласыз.  

4) Дүкеннің қанша уақыттан бері жұмыс істейтінін тексеру. Бір күндік сайттар бар. Көбінесе олар сатып алушыларды аста-төк акциялармен қызықтырады, тауарларды нарыққа қарағанда екі есе арзан ұсынады. Бұл сайттың күмәнді екендігінің айқын белгісі. Қолма-қол ақшамен төлей отырып, сатып алушылар фискальдық чекті, төлем құжатын, шот-фактураны және т.б. талап етуге құқылы. Сатып алушылар интернет-сатушылардан төлем шотын, шот-фактураны талап етуге құқылы.

ҚАЙТАРУҒА БОЛМАЙТЫН ТАУАРЛАР

Тұтынушы кейбір тауар түрін қайтара алмайды. Сатушы қайта қабылдамайтын өнімдер:

* дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар;

* ұялы телефондар;

* шұлықтар;

* өсімдіктер;

* жануарлар;

* өлшеніп сатылатын тауарлар (маталар, кілемдер, кабельдер және тағы басқа).

* ұялы байланыс абоненттік құрылғылары.

11 қаңтар, 09:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.