Ұлыбритания 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресей Федерациясынан алмаз импорттауға тыйым салады. Бұл туралы Біріккен Корольдік СІМ мәлімдемесінде айтылған деп жазады Kazinform.
«Ұлыбритания үкіметі Ресейден алмаз импорттауға шектеу қою туралы заң жобасын ұсынып, металл саласында көмекші қызмет көрсетуге тыйым енгізуді жоспарлап отыр» делінген мәлімдемеде.
Құжатта ресейлік алмаз импортына тыйым 2024 жылдың 1 қаңтарында күшіне енетіні жазылған.
Сонымен қатар Лондон Ресейге «әскери немесе өндірістік мақсатта» қолданылуы мүмкін, оның ішінде көліктің қосалқы бөлшектері мен электрондық өнімдерді экспорттауға тыйым салды.
Жалпы Украинадағы ресейлік арнайы әскери операция басталғалы Ұлыбритания 1,8 мың ресейлік жеке және заңды тұлғаны, оның ішінде ресейлік банк секторының 90% тиесілі 29 банкті қара тізімге енгізді.
Ұлыбританиялық БАҚ жазуынша, санкция салдарынан корольдікте Ресей өнімі импорты 2021 жылмен салыстырғанда 94%-ке, ал Ресей Федерациясына Британия экспорты 74%-ке қысқарған.