Ақтауда өңір басшысы Нұрлан Ноғаев Қаламқас-Теңіз, Хазар және Әуезов кен орындарын игеруге жауапты Kalamkas – Khazar Operating компаниясының басшылық құрамымен кездесті. Кездесуге компанияның бас директоры Құрманғазы Исқазиев және жобаның әлеуетті серіктестерінің өкілдері қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Сондай-ақ, кездесуге «Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Андрей Решетнев, «KCOI» ROSETTI MARINO ЖШС атқарушы директоры Мирко Боргези, Ilf/Doris ЖШС сату және маркетинг жөніндегі вице-президенті Бардон Франсуа, GPS «Oiltec» ЖШС және Global Process Systems консорциумының басшысы Браунхилл Мартин қатысты. Сондай-ақ, «МРТС» АҚ бас директоры және акционері Владимир Дурнин, CNGS Engineering Ltd акционері Сергей Вандер, «ERSAI» ЖШС бас директоры Пак Артур, «ILF KAZAKHSTAN CONSULTING ENGINEERS» ЖШС бас директоры Талғат Теміржанов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ірі мұнай-газ жобалары департаментінің бөлім бастығы Әлібек Жайқанов қатысты.
«Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Андрей Решетнев Қаламқас-теңіз және Хазар кен орнын алдын ала базалық жобалау аяқталғанын хабарлады. Теңіз платформасының құрылысын 2024 жылдың соңында бастау жоспарланған және жоба аяқталған соң жылына 4 млн тонна мұнай өндіру көзделген.
-Мұндай жоба Маңғыстау облысында алғаш рет жүзеге асырылуда. Біз құрылыс барысында екі мың жұмыс орнын құруды көздеп отырмыз, ал құрылыс аяқталғаннан кейін 300-ге дейін адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Біздің мақсатымыз-жобаны 2028 жылдың екінші тоқсанының соңында немесе 2029 жылдың бірінші тоқсанының басында аяқтау. Біз сондай - ақ кен орнында жұмыс істейтін жас мамандарды оқытуды жоспарлап отырмыз, - деп атап өтті Андрей Решетнев.
Айта кетейік, бұл кен орнындағы мұнай ресурстарының жалпы қоры 81 миллион тоннаға бағаланады. «Қаламқас-теңіз» жобасы шеңберінде жағалаудан 64 шақырым қашықтықта металл конструкциялардан теңіз платформаларын құру көзделеді.
Қаламқас – теңіз, Хазар және Әуезов кен орындарын игеру жөніндегі жоба шеңберінде 6 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестициялар тарту жоспарлануда. Ресейлік «Лукойл» мұнай компаниясы осы жобада шетелдік стратегиялық серіктес болады.
Нұрлан Ноғаев бұл жобаның маңыздылығы мен оның өңірді дамытудағы басты рөлін атап өтті.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ел экономикасына инвестициялар тарту жөніндегі жұмыстың тиімділігін жақсарту шаралары туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл отандық және шетелдік инвесторлар жүзеге асыратын инвестициялық жобалардың осы өңірдің ғана емес, бүкіл елдің экономикалық әлеуетін арттырудағы маңыздылығын көрсетеді. Бұл жоба шешуші рөл атқарады, мен оған жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Болашақ қатынастарды жақсарту үшін барлық қажетті қадамдарды, соның ішінде экологиялық заңнаманы сақтауды, тығыз жұмыс байланыстарын дамытуды және өндірістік қауіпсіздікке жауапты болу керек екенін айтқым келеді. Біз біліктілігі жоғары жергілікті мамандарды тартуға, сондай - ақ қосымша дағдыларды қажет ететіндерді даярлау мен оқытуға ұмтыламыз, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.