Әлеуметтік желіде әйелдің алты айлық баласымен уақытша ұстау изоляторына қамалған сәті түсірілген видео тарап жатыр. Видеоны жергілікті блогерлер түсірген.
Олардың айтуынша, кәмелетке толмаған екі баласы полиция басқармасында болған кезде әйелді баласымен бірге уақытша ұстау изоляторына қамаған. Полиция департаментінің мәліметінше, ана мен нәресте уақытша ұстау изоляторына қамалмаған.
- 1990 жылы туған азаматша ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабы («Аса ірі мөлшердегі алаяқтық») бойынша қамауға алынды. Күдікті бірнеше жәбірленушінің ақшасын көбейтіп беремін деген желеумен 15 миллион теңгеге жуық материалдық шығын келтірген. Сонымен қатар, прокуратураның қолдауымен ауданаралық тергеу сотына бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтінішхат берілді. Айта кетейік, әлеуметтік желі қолданушыларының азаматшаны полиция қызметкерлері заңсыз ұстады деген ақпараты шындыққа жанаспайды. Полиция заң аясында әрекет етті, - деп полиция департаментінде жауап берді. – Осыдан кейін күдіктінің туыстары ҚР Ішкі істер министрінің 2018 жылғы 5 ақпандағы №95 бұйрығына (2-тарау, 11-тармақ. Күдікті және айыпталушы әйелдерге үш жасқа дейінгі балаларын жақын туыстарына беру мүмкін болмаған жағдайда оларды уақытша ұстау изоляторында өздерімен бірге алуына жол беріледі) сәйкес, 3 жасқа дейінгі бала қажеттілігіне байланысты анасына берілді.
6 желтоқсанда тергеу сотының қаулысымен күдіктіге қатысты 2 ай мерзімге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, уақытша ұстау изоляторынан босатылды.
Айнұр САПАРОВА