Рейдтік жұмыстардың мақсаты - кәмелет жасқа толмаған оқушылардың беймезгіл жүруінің, алкогольді, есірткі және психотропты заттарды тұтыну жайттарын алдын алу, олардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз тұрғын-жайдан тыс болуы және ойын-сауық орындарына баруын анықтау және жолын кесу. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
- Атырау облысы Полиция департаменті жергілікті атқарушы орган қызметкерлерімен бірлесе отырып, 5-желтоқсаннан бастап, кәмелет жасқа толмағандар арасында профилактикалық іс-шаралар жүргізуді бастады. Қазіргі таңда патрульдік полиция, ювеналдық полиция қызметкерлері және учаскелік полиция инспекторлары іс-шараға толық жұмылдырылды. Аталған профилактикалық жұмыстар 2-қаңтарға дейін жалғасады, - деді Атырау қалалық полиция басқармасының бірінші орынбасары полиция подполковнигі Әнуар Кокалов.
Сағат 19.00-де басталған түнгі рейд жұмыстары таңғы сағат 06:00-дейін жалғасты. Тексеріс барысында қала аумағы бойынша түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүрген 13 жасөспірім анықталды. 12 баланың ата-анасына ескерту берілсе, 1 жасөспірімнің анасына бұл жағдай қайталанып орын алғаны үшін айыппұл салынды.
Айта кетейік, кәмелет жасқа толмағандарға түнгі сағат 23:00-ден таңғы 6:00-ге дейін үйден тыс заңды өкілінсіз жүретін болса – ескерту жасалады. Егер ұқсас факт жыл ішінде қайталанса, 7 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.
Өңірлік коммуникациялар қызметі ұсынған материал