Жыл басынан бері облыс көлемінде 324 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 89 адам қаза болып, 416 адам әртүрлі дене жарақаттарын алған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғасы 0,6%-ға төмендеген. Бұл туралы Атырау облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының жол қозғалысын қадағалау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция майоры Аманжол Жұмалиев мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі республикалық маңызы бар тас жолдарда орын алып отыр. Облыстың тас жолдарындағы адам өлімінің 61,8%-ын республикалық тас жолдардағы ЖКО құрап отыр. Талдауға сай биыл 11 ай ішінде республикалық маңызы бар тас жолдарда орын алған жол апаттарынан 55 адам қаза болған.
- Сонымен қатар облыс аумағында жыл басынан бері жасөспірімдердің қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғалары едәуір өсіп отыр. Осы жол апаттарының алдын алу үшін жыл басынан бері облыстың құзырлы органдарымен бірлесе отырып, 14 жедел алдын алу іс-шарасы мен рейдтік акциялар өткізілді. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде адам өлімімен орын алған жол-көлік оқиғалары төмендеп, қаза тапқандар саны тұрақтанды, - деді А.Жұмалиев.
Сондай-ақ Атырау облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы Жол және техникалық инспекция тобының ерекше тарсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция капитаны Тілепберген Ақболатов жүргізушілердің қысқы уақытта көлік дөңгелектерін қысқы маусымдық дөңгелектерге ауыстыруы қажеттігін атап өтті.
- Күз бен қыс айларында республикалық және облыстық тас жолдар 6 мәрте жабылды. Жолдың жабылу себебі тас жолдарда қарлы жаңбырдың әсерінен тайғақ пайда болып, көліктердің еркін жүріп-тұруына едәуір кедергі жасап, жүргізушліер мен жолаушылардың өміріне үлкен қауіп-қатер төнуіне байланысты. Осы талап Кедендік Одақтардың аумағында автокөліктерді пайдалану ережесінде нақты көрсетілген. Егер талап орындалмаған жағдайда көлік жүргізушісіне ҚР ӘҚБтК 590-бабы 5-тармағына сәйкес 5 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған, - деді ол.
Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі ұсынған материал