Мұқыр ауылдық округінде «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында толықтай күрделі жөндеуден өткен орталық саябақ пайдалануға берілді, деп хабарлайды Қызылқоға ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жаңарған саябақтың ашылу салтанатына аудан, округ әкімдері, ауыл тұрғындары қатысты.
- Жаңа кейіпке енген орталық саябақтың ашылуымен баршаңызды құттықтаймын! Негізгі саябақ осыдан 40 жыл бұрын ашылған еді. Осынша жыл ішінде талай тарихи сәтке куә болған орталық саябақты бүгінде мемлекеттік бағдарлама аясында күрделі жөндеуден өткізіп, игіліктеріңізге ұсынғалы отырмыз, - деді аудан әкімі Қ.Әзмұханов.
Одан өзге, іс-шараға қатысқан ауданның Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Қанзиба Бөлекбаева аудан басшысына Мұқыр ауылында жасалып жатқан тың серпілістер үшін өз ризашылығын білдірді.
Саябақ ішінде демалыс орындары, мерекелік шаралар өткізуге арналған сахна, Ұлы Отан соғысынан оралмаған жауынгерлерге арналған обелиск және ҰОС-на қатысқан ардагерлердің тізім тақтасы жасақталып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілген.
Айта кетейік, ауданда «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы басталғалы бері соңғы үш жылда ауданда 17 жоба іске асырылып отыр. Бұл білім беру, денсаулық сақтау, спорт саласындағы 8 әлеуметтік инфрақұрылым нысанын, ауылішілік жолдар бойынша 2 көлік инфрақұрылым нысанын салуға және 7 нысанды реконструкциялауға және жөндеуге мүмкіндік берді.
Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі ұсынған материал