Атырау, 26 қараша 09:37
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Ойынға бәс тігіп, өмірден баз кешіп...

958 просмотра

«Атырауда өз-өзіне қол жұмсау мен ажырасудың көбеюі көп жағдайда жауапсыз махаббаттың немесе жоқшылықтың кесірінен емес, адамның құмар ойындар мен компьютерлік ойындарға құмартатын тәуелділіктің жаңа түрі – лудоманияға байланысты болып отыр. Бұл туралы «Жаңа өмір» қолдау орталығының басшысы Тимур РАМАЗАНОВ әңгімеледі.

«Қанша уақыт «сау» жүрдіңіз?»

Бірнеше ай бұрын Атыраудағы Орталықта аноним лудомандар тобының жиналысы өте бастады. Бұл кездесулерде тәуелділіктен бас тартқан ойыншылар психолог ретінде қатысатыны белгілі болды. Психология мамандығы бойынша диплом алған мамандар неліктен қатыспайтыны туралы Орталықтың құрылуына идеялық дем беруші Нұртас НҰРҒАЛИҰЛЫ: «Мен лудоманмын. Бұрынғы дер едім, бірақ арамызда бұрынғы деген болмайды. Біз бәріміз бір-бірімізден қанша уақыт «сау» болуымызға, яғни ойнамай жүргенімізбен ғана ерекшеленеміз. Тек өзін ұстауды үйренген адам ғана мұны басқа лудоманға үйрете алады.

Бір кездері мен де құрдымға кеттім. Қарызымның көптігі шектен шығып кеткен кезде ғана проблемамды түсіндім. Осылайша Алматыдағы оңалту орталығына түсіп, ішімдік пен есірткіге тәуелді адамдардың арасынан бір шықтым. Оларға дәрі-дәрмекпен және психологтармен әңгімелесу арқылы қол ұшын берді. Солардың ішінде өзгеше болдым. Менің тәуелділігім үшін ешқандай дәрі-дәрмек жоқ, ал берген кеңестері менің құмар ойындарға деген ынтамды азайтқан жоқ. Ол жерде жарты жыл болсам да, емделмес едім. Неге? Өйткені салыстырмалы түрде жаңа тәуелділікті емдейтін бірде бір әдіс жоқ. Лудомандарды нашақорлар немесе маскүнемдер сияқты «емдейді», ал бұл тәуелділіктің өзге түрі және оларға бірдей әдістің қолданылуы мүмкін емес».

Лудомандармен психологиялық әңгіме шамамен былай жүргізіледі:

- Сіз ақиқаттан қашқыңыз келгені үшін ойнайсыз... - дейді психолог.

- Мүлдем олай емес! Мен жұмыс істеймін, қоғам ортасындамын. Керісінше, шынайы өмір сүремін! - деп жауап береді лудоман.

- Сіз кері кетіп бара жатсыз, есте сақтау қабілетіңіз нашарлап, абстрактілі ойлау, ақыл-ой қабілетіңіз зардап шегуде. Күйзеліске ұшырап, өзіңізді түйсінуден қалдыңыз, өмірге деген қызығушылығыңыз жоғалды. Сіздің психикаңыз өзгерді, бұл дөрекілікпен, басқаларға немқұрайлылықпен, қатыгездікпен, қарым-қатынастағы қиындықтармен көрінеді.

- Иә, ішінара. Бірақ мен өзімді айқын түйсінемін, менің маскүнем немесе нашақор сияқты санам бұлыңғыр емес. Ұтып алу схемасын түсіну үшін көп оқимын. Көбінесе жинақы, зейіндімін. Қажет болса, достық пен туыстық байланыстарды сақтай аламын. Тапқырмын, актерлік шеберлігім бар, өйткені нанымды аңызды ойлап табу үшін ұсақ-түйекке мұқият болуым керек.

«...Жалпы, есірткі мен ішімдікке тәуелділіктен емдеу тәжірибесін пайдаланып, мені қалай емдеу керектігін білмейтінін түсіндім. Қазақстандағы лудоманияны емдеудің үлкен проблемасы – бізге қалай көмектесу керектігін ешкім білмейді.

Оңалту орталығынан шыққан бойда, ең бірінші букмекерлік кеңсеге бардым. Соңғы ақшамды жоғалтқан соң, өзімнің бейшара екенімді түсіндім, бар болғаны өлгім келді», – дейді Нұртас.

Қазіргі уақытта Нұртас 1 жыл 8 ай, Тимур 2 жыл 9 ай «сау» жүр екен. Олар кейде бәс тігіп, ірі сома ұтып алғаны туралы түс көретіндерін мойындады. Суық термен оянған соң, біраз уақыт бойы өз өздеріне келе алмай қалады екен. Лудомандар осылай өмір сүреді, олар ойыннан бір қадам ғана алшақ тұр.

...Қаланың әр түкпірінде ойнауға, ұтып алуға шақырған жарнамамен жыпылықтап тұрған LED-экрандарға қарамауға тырысып, жұмысқа жүгіреді. Капер-сарапшылардың болжамдары жазылған мақалаларды асығыс парақтап шығып, жаңалықтарды қарайды. «Тіркеліп, бірінші ставкаңызға 100% кэшбэк алыңыз!» қайталап шыға беретін жарнамалардан назарын тайдырып, фильмдерді қосады. Әрбір бағанада – «Ойна!», дүкеннің жеңілдік парақшасында, жүгіртпе жолда - «Бәс тік!», кез келген фильмнің ең шиеленісті сәтінде - «Жеңімпаз бол!» деп ұрандатып жатқаны. Олар үшін өмірдің әрбір сәті тәуелділікпен күрес, өмір үшін күрес, егер олар жеңілсе, онда бір ғана жол бар – орталық көпірден секіріп, Жайық толқынымен құрдымға кету. Бұқаралық ақпарат құралдарында жұрттың бәрі білсін, көрсін, естісін, жазсын деп, осылай жасайды. Мұның бәрі - біз тырыстық, бірақ жеңіліс таптық дегенді білдіреді...

Лудомания бүгінде әлемде дерт ретінде танылды. Өкінішке орай, бұл психологиялық ауруды емдейтін дәрі-дәрмек жоқ. Құмар ойыны ақыр соңында өзін-өзі өлтіруге әкеледі. Былтыр елімізде 3676 суицид тіркелсе, оның 20 пайызы лудомандар. Дәлірек айтсақ, 736 адам. Күн сайын 2 лудоман өмірімен қош айтысады.
Wisevoter ұйымының есебіне сәйкес, 2023 жылы суицид статистикасы бойынша Қазақстан 178 елдің ішінде 91-ші орында болды. Бұл 100 мың тұрғынға шаққанда 21%. Мүмкін, бұл жарияланым шыққан кезде көрсеткіштер өзгеретін шығар, өйткені бұл сайтта барлығы нақты уақыт режимінде: планетадағы суицид дерекқорын толықтырып, сандар мен пайыздар әр минут сайын құбылып тұрады.

Ақылды қыздар мен жігіттер

Нұртас пен Тимурдың айтуынша, бүгінде олардың анономді қоғамдастығында 25 адам бар. Олардың көпшілігі ірі компанияларда жұмыс істейді, IQ жоғары және жақсы ақша табады. Арасында әйелдер мен жасөспірімдер де бар. Вахтамен жұмыс істейтіндер көп.

Жігіттердің ісіне қолдау көрсетіп жүрген Талғат АҒИСОВТЫҢ пікірінше, лудомандардың 70 пайызы - математикалық ой-өрісі мықты, үлкен амбициясы бар, бірақ өкінішке орай, материалдық тәуекелдерін бағалай алмайтындар.

Оның пікірінше, Қазақстанда ойын насихаты орасан зор, бірақ іс жүзінде букмекерлік кеңселердің ақпарат ағынына қарама қарсы тұрған ештеңе жоқ.

«Біздің қалада тұрақты ауқатты клиенттеріне арнайы жағдай: сусындар, тамақ, тіпті интимдік қызмет ұсынатын орындар бар. Осының бәрімен күрескіміз келеді, бірақ мемлекет тарапынан қолдау болмағандықтан, демеушілер іздейміз. Мәселен, Нұртас пен Тимур өз орталығында тегін жұмыс істейді. Орынжайды бейресми түрде алып отыр. Жұмысымыз аз да болса нәтиже беруі үшін бізге қолдау керек – үгіт-насихат роликтерін түсірер едік, брошюралар, визиткалар, баннерлер шығарар едік. Студенттер мен оқушыларға қаржылық сауаттылық курстарының элементтерін түсіндіріп, профилактикалық әңгімелер жүргізер едік. Көп адам ойыншы үшін ұтып алу тәуелділікке апаратын алғашқы баспалдақ екенін түсінбей ойнайды, ал ақша ерте ме, кеш пе букмекерлік кеңсеге кері оралады. Көпшілігі бұл істі кез келген уақытта тастайтынына толық сеніммен ойнап, өздерінің лудоманға айналғанын да сезбей қалады», - дейді Талғат. 

«Кейде болашақ лудомандар сыйлық немесе сертификат уәде етілген кейбір жарнамалық акциялар бойынша Instagram-да достарын белгілеп, пост жариялай бастайды. Бәрімізде де ұтысқа үміттеніп, анда-санда аккаунтты белгілеп тұратын достарымыз бар, ал бұл тәуелділіктің жеңіл дәрежесі», - дейді Нұртас. – Осылай бастаған даяшының қазір 42 микронесиесі бар. Жақында бір әйелді оның туыстары бізге әкелді, оның 5 миллион сомаға 5 несиесі бар екен. Үш баласы бар, қаржылық қиындықтар мен банктен қоңырау шалу салдарынан отбасылық жағдайы нашарлап кеткен, отбасы ажырасудың алдында тұр.

Ата-анасы қызының немесе ұлының лудоман екенін білген соң, төбелерінен жай түскендей болады. Қыздарын отбасылы және балалы болса, дұрысталады деген үмітпен шұғыл күйеуге береді, ұлдарын әскерге жібереді. Ал бұл көмектеспейді, олар ойнауды жалғастыра береді».

«Жақында облыстағы ауылдардың бірінің тұрғындары – ауыл ақсақалдары үш жігітті іздеп, бізге келді. Олар бәс тігуге әуестеніп, қомақты ақша салып ойнау үшін қалаға келіп, барынан айырылып қалған. Оларды ауылға барған соң, тіпті ұрып-соққан. Дегенмен, ұрып-соғу лудоманияны мүлдем емдей алмайды. Мұның бәрі бос әурешілік», – дейді Талғат.

«Біздің істеп жатқанымыз - мұхиттың тамшысындай ғана, - деп сөзін жалғастырды Тимур. - Қолдау орталығына жеке және топпен хабарласатын азаматтармен жұмыс істейміз. Оларға кеңес берумен қатар, мамандардың заңгерлік көмегін де ұсынамыз. Біз ұсынатын барлық емдеу әдістерін біз, бұрынғы ойыншылар әзірледік. Бірақ бұл жеткіліксіз. Қазақстанда лудомандарға көмектесетін оңалту орталықтары болуы керек, атап айтқанда, Атырау облысында демеушілер табылса, ашқымыз келеді».

«Лудомания жасарып барады. Өз басым бірінші рет 9-сыныпта ойнадым. Екі рет өз-өзіме қол жұмсамақ болдым, – дейді Нұртас. – Бізді естісе екен дейміз. Әзірге барымызша күресіп келеміз. Иә, бұл қиын, бірақ ең болмағанда бір адамды құтқарсақ, демек бекер болмағаны. Егер тәуелді болсаңыз, бізге келіңіз. Ойынқұмарларға көмек көрсету орталығы Атырау қаласы, Бейбарыс даңғылы, 450А, «Тоныкөк Арена» мекенжайында орналасқан. Біздің Instagram аккаунтымыз @jana_omir. Сіз жалғыз емессіз».

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

4 желтоқсан 2023, 18:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.