2022 жылдың желтоқсанында спорттық шеберлігін шыңдау үшін Америкаға аттанған спортшы Айбек АБДИЛОВ Индер ауданының тумасы. Ол алдағы жоспарымен бөлісті.
Жастайынан спортпен кәсіби түрде айналысатын 24 жастағы Айбек шетелде көк байрақты көтеруді армандады. Америкаға бармастан бұрын спортшы самбо күресінен ең айтулы деген жарыс - Әлем Кубогін ұтып, «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағына ие болған еді. Сондай-ақ, дзюдодан түрлі деңгейдегі турнирлерде жеңіске жетіп жүр.
- Отбасымда спортшы жоқ, спортқа келуіме күреске қатысып жүрген сыныптас досым себепші болды. Ол кезде біз 8 жастамыз. Кейін дзюдо күресіне келіп, Әділбек ҚҰТҚОЖИН мен Нариман НҰРШАЕВ ағалардан жаттықтым, дейді спортшы. - Бала кезімен Америкаға баруды армандадым. Міне, арманым орындалды. Қазір Америкада жаттыға жүріп, бұл жақта Қазақстан атынан түрлі жарысқа қатысып, ел намысын қорғап жүрмін.
Америкада жүріп, аз уақыттың ішінде 3 турнирде жеңіске жетті. Ол дзюдодан "Golden State Open" турнирінде күміс жүлде жеңіп алса, джиу-джитусдан "All Americas Jiu-Jitsu Tournament" және грепплингтен "American Grappling Tournament" сайыстарында чемпион атанды.
- Америкада спортпен шұғылдану үшін барлық жағдай жасалған. Әсіресе әлемнің ең мықты деген жекпе-жек шеберлерімен үнемі тәжірбие алмасу мүмкіндігі бар. Сол үшін де бұл елдегі бәсекелестік деңгейі өте жоғары. Мен кезінде спортта бірге жүрген аға достарыммен Лос-Анджелесте тұрамын. Бұл жақта атақты Blackhouse MMA, Olympfight Club залдарында жаттығу жасаймыз. Алдағы мақсатым, наурыз айында самбодан Америкада өтетін ашық чемпионатта жеңіске жету, - дейді ол.
Спортшының ендігі мақсаты - әлемдік додаларға қатысып, жеңіс тұғырынан көріну.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді А.Абдилов жолдады