Атырау, 26 қараша 09:24
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Атырауда мемлекеттік қыздар мектебі жұмыс істей бастады

1 076 просмотра

Бірі білсе, бірі білмес, қараша айында облыс әкімінің қаулысына сәйкес «Атамекен» деген атаумен қыздарға арналған №45 жалпы орта білім беретін мемлекеттік мектеп ашылды. Ол қаладағы Досмұхамбетов көшесі, 74 мекенжайы бойынша орналасқан.

«АЖ» тілшісі толық ақпарат алу үшін қараша айында қалалық білім бөлімі мен облыстық білім беру басқармасына ресми сауал жолдаған еді. Басқарма басшысы Ерлан СЛАМБЕКОВТЫҢ қолы қойылған жауапхатта мектептің өз ғимараты салынып біткенше жекеменшік ғимаратты жалдап тұратыны көрсетілген.

- Бұл 1 – 11 сыныптар үшін қазақ тілінде оқытатын орта мектеп ретінде жұмыс жасайды. Бүгінде 303 оқушының құжаты қабылданды. Аталған мектеп жалпы білім беру стандартына сәйкес өз жұмысын жүзеге асырады, - дейді Е.Сламбеков.

Ал қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВА «АЖ»-ға берген жауап хатында жақында сот шешімімен жұмысы тоқтатылған жекеменшік қыздар мектебіне тоқталған. Жауапқа қарағанда, мектеп жабылған соң жедел түрде мемлекеттік білім берудің барлық стандарты бойынша қыздарға арналған мектеп ашу туралы шешім қабылданған.

- 2022 – 2023 оқу жылында Атырау қаласында ашылған Қыздар ұлттық жекеменшік мектебінің лицензияланбауына  байланысты білім беру қызметі тоқтатылған болатын, - дейді Дүйсекенова. - 2023 жылдың қараша айындағы Атырау облысы білім беру басқармасының хаттамалық тапсырмасына орай, Атырау қалалық білім бөліміне қарасты 600 орындық №45 «Атамекен» жалпы орта білім беретін мектебін ашу туралы жедел шешім қабылданды.  

Білім беру бөлімінің ақпараты бойынша, №45 «Атамекен» жалпы орта білім беретін қыздар мектебіне бірінші кезекте ата-аналардың өтініші негізінде бұрынғы «Қыздар ұлттық жекеменшік» мектебінің  оқушылары қабылданған.   

Айнұр САПАРОВА

5 желтоқсан 2023, 12:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.