Атырауда жұмыртқа өндірумен айналысатын жалғыз кәсіпорын «Алмалы құс» құс фабрикасы өз активтерін ЖШС-не сатқан.
Өңірімізде ұн өнімдерін шығаратын «Trans Techinternational» ЖШС «АЖ»-ға 43 сауда дүңгіршегінде келесі калибрдегі жұмыртқаны: С0 – 57 теңгеден, С2 – 30 теңгеден, С1 – 48 теңгеден нан-бөлке өнімдерімен бірге сататынын хабарлады.
«Бұған дейін Атырау облысына басқа өңірлерден күніне жұмыртқа тиелген 4 жүк көлігі келетін. Қазір үш күнде екі жүк көлігіне дейін азайды», - делінген баспасөз хабарламасында.
Қазіргі уақытта Атырауға Ақмола облысынан, Қостанай және Ақтөбеден үш кәсіпкерлік субъектісі – «Таспауова», «Клименко» және «Свежий продукт» компаниясы көтерме бағада жеткізумен айналысады.
«Сонымен қатар, өндіріс көлемінің төмендеуіне байланысты сұранысы артқан өнімдердің бағасы да күрт өсті. Өнім бағасының көтерілуіне жанар-жағармай шығыны, маусымдық ауа райына байланысты тұқым бағасының қымбаттауы және басқа өңірлердегі жұмыртқа өндірушілердің өз тараптарынан бағаны көтеріп жіберуі себеп болып отыр».
«Алмалы құс» құс фабрикасы елімізді индустрияландыру бағдарламасы аясында 2014 жылы ашылған. Кәсіпорын құрылысына 3 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Оның жарты миллиарды - әкімдік арқылы қайтарылатын қаржы. Фабрика бастапқы деңгейді бірнеше рет арттырып, жылына 100 миллион данаға дейін жұмыртқа өндірді. Бірақ бизнес пандемияның қатаң санкцияларына қарсы тұра алмай, өндіріс қайтадан өзінің бастапқы қуатына жете алмады.
Атырау облысы тұрғындарының ай сайынғы тұтыну мөлшері - 15 376 мың дана.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор