Атырауда «Қолжетімділіктің интерактивті картасы» ақпараттық жүйесінің жұмысын түсіндіруге арналған семинар өтті. Іс-шараға облыстағы басқармалар мен департаменттердің өкілдері, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты бөлімдердің басшылары мен мамандары қатысты, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мүгедектерді сауықтыру орталығында өткен семинар барысында қатысушыларға порталдағы ақпараттарды жаңарту мен қолдану ережелері түсіндірілді. Облыстағы нысандардың жалпы жағдайы айтылды.
Биыл Атырау облысында 259 нысанды мүгедектігі бар тұрғындарға бейімдеу қолға алынған еді. Бүгінде соның 104-де жағдай жасалып, пандус, тактильді жолақ, ақпараттық сілтемелер және мнемосхемалар орнатылды.
- Бұл тек бір күндік оқу. Оған халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік орган өкілдері қатысты. Сондай-ақ, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт сынды басқармалардан порталға осы бейімделген нысандар жайлы ақпараттарды құйып отыратын мамандар да болды. Семинар барысында порталмен қалай жұмыс істеу керектігін үйреттік. Негізінде барлық мекеме мүгедектігі бар, қалада өздігінен жүріп-тұруы қиын адамдарға бейімделген болуы керек. Егер нысан мемлекеттік болса, жұмыс бюджет қаржысынан, жеке кәсіпкердікі болған жағдайда сол бизнес иесінің өзінің есебінен жасалуы керек. Біз басқарма тарапынан облыстағы қоғамдық нысандарға, ғимараттарға үнемі мониторинг жүргізіп отырамыз. Және кемшіліктерді жою бағытында жауаптыларға ұсыныстар жолданады, - деді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Альфия Төлеғариева.
Облыс пен қаладағы нысандар жағдайы 2022 жылдан бері «Қолжетімді орта» интернет-порталы арқылы бақыланады. Бұл жұмыс Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып келеді. Онда елдегі паспортталған және бейімделген объектілер бойынша ақпараттар тұрақты түрде жаңартылып тұрады.
Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі ұсынған материал