Алматыда 13 адамның өмірін қиған қайғылы оқиға «АЖ»-ны Атыраудағы хостелдермен танысуға мәжбүр етті. Белгілі болғандай, қалада жалдайтын баспана қымбат болғандықтан, түнеу үшін ортақ жатын бөлмеден орын таңдайтындардың негізгі бөлігі – аудандардан және басқа өңірден келгендер, көршілес елдердің, негізінен, Ресей тұрғындары.
Booking сайтын Атырау бойынша қысқаша шолып өтсек, үш хостел ұсынылған. Олардың біреуі, тіпті екі жұлдызды екен. Бір күн түнеп шығу 3000 теңгеден басталады. Хостелдер әртүрлі нұсқа ұсынады - көлемі 15 шаршы метрден аспайтын ортақ бөлмеден бір кісілік кереуетті алдын ала алып қоюға болады. Бөлмеде сізбен бірге кем дегенде 4 адам жатады. Тіпті екі кісілік кереуетті бейтаныс адаммен бөлісуге тура келетін орын да бар.
Бұған қоса душ, кондиционер, теледидар, тегін Wi-Fi және автотұрақ қолдана аласыз. Бөлмелерді сипаттағанда кереует жанында розетканың, ішкі аулаға қарайтын терезеде москит торының бар екені және дәретхана қағазы артықшылықтар ретінде көрсетілген. Бұл игілікке 3 мың теңгеге қол жеткізуге болады, ал қосымша төлемақыға сізге сүлгі, төсек-орын, шәйнек және үтік беріледі.
Хостелдерге білдірген пікірлерге көшейік. Чехов көшесінде орналасқан хостелге үш күн түнеген ресейлік Илья былай дейді: «Адекватты қожайын, жақсы баға. Егер ұзақ уақытқа қалсаңыз, сізге жақсырақ қарайды. Ақшасына сапасы сай».
Ресейлік Алексей: «Сағат 23:30-да орналастырудан бас тартты. Бұл жерде 0.00-ге дейін орналасуға болады деп көрсетілсе де, сағат 23-ке дейін қабылдайтынын айтты».
Польшадан келген Ершат ғимаратты жылытып тұрған қазандықтың дыбысының қатты екеніне наразы болған.
Ұлыбританиядан келген Джеймстің мүлдем көңілі толмапты: «Мен белгіленген уақытта келдім. Маған кіруге рұқсат бергенше 5 рет телефон қоңырауы мен 45 минут қажет болды. Жалғыз дәретхана – сыртта жерге орнатылған тесік екен, кейін қағаздың да жоқ екені белгілі болды. Хостелде жөндеу жүріп жатыр екен, шамасы түнейтін орын ұсынар кезде шу мен лас екені қожайындарының ойына кіріп шықпаған секілді. Ендігәрі бұл жерге келмеспін».
Қала орталығында орналасқан сәл қымбаттау хостелдерде бір орынды 4700 теңгеге жалға алуға болады. Бұл бұрын айтылған - екі қатарлы кереуеттегі орын. Мұнда да кереуеттің жанында розетка жайлылық ретінде көрсетілген. Мұнда улы газ детекторы деген тағы бір қызмет қосылған. Ендігі жерде мұның орналасу үшін қажетті шарт екені түсінікті болып отыр.
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша ҚР заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар күшіне енді. Енді барлық хостелдер тұрғын емес үй-жайларда орналасуы және жеке кіреберісі болуы керек. Бұл көп пәтерлі үйлерде орналасқан объектілерге де қатысты.
...Төрт адамға арналған әйелдер бөлмесіндегі төсек ерлер бөлмесінен бір мың теңгеге қымбат. Ал жақсы бір кісілік бөлме үшін 16 мың теңге төлеуге тура келеді. Бұл жерде сізге ешкіммен бөлісу қажет болмайтын жеке ванна бөлмесі ұсынылады. Тегін төсек-орын беріледі және теледидарда спутниктік арналар қамтылған.
Әрі қарай - қымбаттау. Бір түнге екі кереуеттік бөлме 20 мың тұрады. Ал екі қатарлы үш кереуеті бар 6 адамға арналған бөлме 30 мың тұрады.
Пікірлерге келейік. Алдыңғы хостел туралы пікір қалдырған ресейлік Алексей болуы керек, бұл жолы дән риза екен: «Хостел вокзалдың жанында орналасқан, хостелмен бір ғимаратта бағасы арзан және өте дәмді асхана бар. Қажет нәрсенің бәрі бар, төсегі таза, ванна бөлмесі таза. Бөлмеде кондиционер бар. Тек сықырлаған матрас пен пойыз ысқырығының шуы ұнамады».
Қазақстандық Ербол да разы: «Таза, адам аз, душ пен дәретхана ортақ, бағасына лайық нұсқа».
Ресейден келген Сергей: «Бәрі өте таза, 3 бөлмеде тұрдым, маған бәрі ұнады. Орналасқан кезде интернет өте нашар болды, әрине, хостелдің жартысын IT мамандары алып жатқанын атап өткен жөн, сондықтан мен болған кезде Интернет барлық жерде нашар болды».
IT мамандарының пікірі болған жоқ, бірақ есік орнына перделермен жабдықталған душ кабиналарына көңілі толмағанын айтқан қонақ болды.
Жалпы, пікірлерге сүйенсек, вокзал жанындағы хостел жақсы екен. Ал кілті жоқ шкафтар, екінші қатардағы кереуеттердің жанында розеткалардың жоқтығы, ұйықтайтын кереуеттің орнықсыз екені, шәйнекті қосқан кезде тоқтың атылып кететіні туралы шағымдар ескеріледі деп ойлаймын.
СМП-да орналасқан үшінші хостел жайлылығына қарай күніне 4500-ден 16 мың теңгеге дейін орын ұсынады. Жұрт таза, ыңғайлы дейді, бірақ біреу теледидардың жоқтығын айтып шағымданған. Пікірлерде тазалық жөнінде қарама-қайшы пікірлер де бар.
Бұлардың барлығы Booking-те тіркелген хостелдер, ал іздеу жүйесінен кем дегенде тағы оншақты ұқсас хостел табылды. Тәжірибе көрсеткендей, ең бастысы - бағасы мен кереует жанында розетканың бар-жоғы емес, өрт қауіпсіздігі және темекі шегуге тыйым салынуы. Бәлкім, енді түнейтін орынды таңдаған кезде қонақтар ең алдымен осыған назар аударуы керек шығар.
Алматыда адамдар қаза тапқан хостелдегі өрттің шығуына матрастың өртенуі себеп болуы мүмкін деп хабарлайды Zakon.kz.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА