Н.Тілендиев атындағы мамандандырылған мектеп гимназиясында републикалық «Махамбет оқулары» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
М.Өтемісұлының 220 жылдығына орай өршіл ақынның рухты жырларын насихаттап, шығармаларын ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға еліміздің 14 өңірінен 66 оқушы қатысқан болатын.
Соның бірі, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы №160 орта мектептің 11-сынып оқушысы Құдірет Шекербек байқаудың маңыздылығына тоқталып өтті.
- Мен Қызылорда облысынан Атырау өңіріне келіп, кешегі өткен сайыста «Шашақты найза, шалқар күй» атты Махамбет күйлерін орындау бағыты бойынша бақ сынадым. Сайыста бабамыздың отты күйлерінің бірі «Жұмыр қылыш» күйін орындап шықтым. Атыраулық Жәнібек Жәмиев ағамыздың мақтау сөздерін естіп, өнерімді ойдағыдай көрсете алдым деген ойға тоқталдым. Жалпы елімізде осындай іс-шаралардың көптеп өткізілгенін қалаймын. Бұл - жастарға өздерін дамытып, таланттарын бағалауға мүмкіндік береді. Айталық біз Қызылорда облысының өзінен 5 оқушы келдік. Әр өңірден келген өнерлі жандармен танысып, бір жатаханада тұрып, тәжірибе алмастық. Қандай кемшіліктеріміз бар екенін анықтап, бірге дайындық жұмыстарын жүргіздік. Сонымен қатар Атыраудың әсем жерлерін аралап, бірқатар тың мәліметтер алдық. Мысалы, мұнда ең ұзын жаяу жүргіншілер көпірі бар екенін енді біліп отырмыз. Музейлерге барып бұрын қолданылған жәдігерлерді көру арқылы рухани азық алдық, - деді Қ.Шекербек.
Байқау қорытындысы нәтижесінде, жүлделі I орынды «Ұлы Арман» - Махамбет шығармаларынан иллюстрациялық сурет салу бағыты бойынша ақтөбелік Алтын Кайралиева, «Ел құтқарар ер едім...» - Махамбет шығармаларын жатқа оқуда атыраулық Бейбарыс Сағынбай, «Тартынбай сөйлер асылмын...» - жас ақындар өз туындыларын мәнерлеп оқу бағытында павлодарлық Еркебулан Тиленш және «Біз неткен ер, неткен ер? Сергелдеңмен өткен ер» - шығармашылық жұмыс қорғау сайысында маңғыстаулық Айнара Азиева иеленді.
Сондай-ақ «Шашақты найза, шалқар күй» - Махамбет күйлерін орындауда Атырау облысынан қатысушы Нұрдәулет Нұрланов пен Маңғыстау облысының өнерпазы Ерасыл Есетов I орынды бөлісті.
Іс-шара барысында Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының оқушылары концерттік бағдарлама ұсынды.
Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі ұсынған материал