Атырау, 27 қыркүйек 18:21
 ашықВ Атырау +10
$ 478.54
€ 533.76
₽ 5.17

Тарихи бүлінген жерлер қалпына келтірілуде

742 просмотра

Жылыой ауданының аумағындағы «Өзен-Атырау-Самара» мұнай құбыры бойындағы  тарихи бүлінген жерлер табиғи қалпына келе бастады. Бұл жұмыстарды  «ҚазТрансОйл» компаниясы жүзеге асыруда. Нақтырақ айтсақ, бүгінде құбыр бойының 508 шақырымындағы екі гектарға жуық жер өңделіп, пайдалануға берілген.

Аталған аумақтағы жерді табиғи қалпына келтіру жұмыстары мемлекеттік бақылаушы құрылымдармен келісілген және бекітілген тәртіп бойынша жүргізіліп, белгіленген уақытында аяқталып отыр. Магистральды құбыр бойындағы өңделген жерге қабылдаушы тарап арнайы барып, топырақ құрамымен және сол жерлерге егілетін көпжылдық шөп дақылдарымен танысты. Бұл орайда  аумақтық атқарушы құрылымдар мен компания өкілдері техникалық және биологиялық өңдеу сатыларының қалай жүзеге асырылғандығы мен өңделген жерлердің күтімі туралы айқындаған еді.

- Бұл жерлерді табиғи қалпына келтіру жұмыстары екі кезеңмен жүргізілді. Өңдеу жұмыстары биыл шілде және қараша айлары аралығында жүргізілген болатын. Яғни, топырақ құрамы техникалық және биологиялық өңдеуден өтті. Техникалық өңдеуде жердің мұнай бүлдірген қабаты қырып алынды. Содан соң мұнай қалдықтары төгілген топырақ қабаты жүк машиналарына тиеліп, арнайы алаңдарға тазартылуға жөнелтілді. Оның орнына карьерден таза топырақ әкеліп төгілді. Кейін ол жайылып, тығыздалды. Ал, биологиялық өңдеу бойынша сол  жерлерге органикалық және минералды тыңайтқыштар шашылды. Содан соң жерді жыртып, көпжылдық шөп тұқымдары себіліп, суарылды,- деді Құлсары мұнай құбыры басқармасының бастығы Бағлан Досбаев.

Жерді өңдеуге қатысушы мердігер компания арқылы топырақты қалпына келтіру жұмыстарын атқаруға қажетті техникалардың барлығы: жүк машиналары, экскаваторлар, жүк тиегіштер мен жер жыртатын тракторлар секілді техникалық құралдар тартылған. Қазіргі уақытта жұмыс толықтай аяқталды.

Құбыр бойындағы өңделген жерлер Жылыой ауданының мал шаруашылығына тиімді болмақ. Жайылым жерлер кеңейіп, малдың өрісіне жағдай туғызылады. Ауыл шаруашылық мақсаттағы жерлер үшін аса маңызды саналатын аумақтың тазаланып, қайта қолданысқа енетінін жергілікті атқарушы орган өкілдері де қолдайды. Бұл туралы Жылыой аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Гаухар Сабырова: - «ҚазТрансОйл» компаниясы құбыр бойындағы тарихи бүлінген жерлерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өйткені, бұл жерлердің бәрі де ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Сол жерлерді мұнай қалдығынан тазалап, қайта айналымға енгізілуі - бұл да бір үлкен құптарлық жағдай,-деп, аудан үшін игі іс екенін алға тартты.

Магистральды құбыр бойындағы жер аумағын табиғи қалпына келтіру жұмысы «ҚазТрансОйл» компаниясының әлеуметтік жауапкершілігі ретінде әлі де жалғасын таба бермек. Ол алдымен экологиялық проблемалардың шешімі және жергілікті шаруашылыққа зор мүмкіндік болмақ.

Атап өткен жөн,  «Өзен-Атырау-Самара» магистарльды мұнай құбырының бойындағы тарихи бүлінген жерлерді қайта қалпына келтіру компанияның бастамасымен 2011 жылдан бері жүргізіліп келеді. Бүгінгі күні қайта өңделген жер алаңы 22 гектардан астам аумақты құрайды.

29 қараша 2023, 08:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.