2020 жылдың қазанында қайта жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген Жайықтың жаңа жағалауында тағы мәселелер туындады.
Қала тұрғындарының демалыс орнына айналған бұл нысан бірнеше рет жөндеуден өткен. Жүгіруге арналған жолдардың беткі қабаты желініп, жерге төселген топырақтар отырып, өрнектастар бетінде шұңқырлар мен толқындар пайда болған. Күннен қорғайтын қалқандардың да бірнешеуі желге шыдамай, түбінен сынып қалды.
Осы жазда қала әкімі Шәкір КЕЙКИН жағалаумен жүріп өтіп, NCOC компаниясы 4 млрд қаржы бөліп, демеушілікпен салдырған жағалаудың көп уақыт өтпей осындай күйге түсуі, беделді компанияға сын екенін айтып, қайта жөндеп беруді ұсыныс еткен еді. Кейін компания өкілдері әкімдікке келіп, жағалаудың кепілдік мерзімі өтіп кетсе де 2023 жылдың соңына дейін өз қаражаттарына қайта жөндейтіндерін жеткізді.
Жақында жағалаудың тозығы жеткен жерлерін қайта жөндеу басталды. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, жағалаудағы сынған жабдықтардың жаңасы орнатылып, жүгіруге арналған тротуар қалпына келтіріледі.
Құрылыс жұмыстарын жүргізуге компания «КА Строй ЛТД» мекемесін таңдаған. Айтпақшы, жағалауды қайта жаңғыртудан өткізген де осы мекеме еді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді түсірген автор