Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Экономика және құқық» факультетінің деканына жалақы заңсыз төленіп келген.
«Әділдік жолы» РҚБ Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Атырау облысы бойынша департаментімен бірлесіп, аталған факультет деканының 2017 жылдан бастап 2023 жылдың қыркүйегіне дейін жұмыс күндері Оңтүстік Корея, Түркия және тағы басқа шетелдерге бірнеше рет сапарға шыққанын анықтады. Алайда табельде жұмыс күндері көрсетіліп, жалақысы есептелген. Сөйтіп, 80 жұмыс күні үшін жұмыс орнында болмаса да оған 1 млн теңгеге жуық төлем жасалған.
Қызметтік тексеру кезінде осыған жол берген Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің лауазымды тұлғалары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал декан қызметінен босатылды.
Айта кетейік, ол жұмыста болмаған кезде жалақы ретінде алған ақша университетке қайтарылды.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА