Атырау, 26 қараша 11:39
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Еліміздің желаяқ чемпионы жүкті әйелімен және анасымен бірге ескі ауруханада тұрады

Сурет Бейнежазба
1 035 просмотра

Әлемдік жарыстарда Қазақстанның намысын қорғап жүрген желаяқ спортшы Руслан ОРЫНБАСАРОВ 19 жылдан бері отбасымен Махамбет ауылындағы ескі аурухананың бір бөлмесін паналап келеді. 

«Дәрігерлерге сенбедім»

Көп жылдан бері үш адамдық отбасының баспанасына айналған ауруханада жағдай жоқ. Бұл жерде тұру да қауіпті, өйткені ғимарат төрт жыл бұрын апатты деп танылған: жаңбыр жауса төбеден су кетіп, тіпті ұйықтайтын жер болмайды.

Анасы Гүлхан САЛИХОВА «АЖ» редакциясына өзінің, ұлы мен келінінің осыншама жыл қиын жағдайда қалай өмір сүріп жатқандарын айтып берді.

-  Руслан отбасындағы жалғыз перзентім, 1994 жылы дүниеге келді. Туабітті құлағы естімейді. Ұлымның сөйлеп кетеріне әрі құлағы толыққанды естіп кетеріне жеті жасқа толғанша үмітімді үзбей, сеніп келдім. Алайда дәрігерлер үміт жоқ деді, - дейді Гүлхан апа. - Мен өзім бала кезімде 5 жасқа дейін аяққа тұрып, жүріп кете алмаған екем. Соның әсерінен болса керек, «балаң сөйлемейді» дегендерге сенбей, күтіп жүре беріппін. Содан ұлымды Ақтөбедегі есту және көру қабілеті төмен балаларға арналған мектеп-интернатқа жатқызып оқыттым.

Анасының айтуынша, Руслан есту аппараты арқылы дыбыстарды ести алады. Алайда мемлекеттен берілетін есту аппараттарының сапасыздығынан аппарат ұзаққа бармай, істен шыға береді екен. Бүгінде анасы ұлымен ишара арқылы сөйлеседі.

– Ота жасату жөнінде ойластық. Бірақ құлақтың тұсына батарея орнатқан кезде, оған ауыр нәрсе көтеруге, шапшаң қимылдауға, спортпен айналысуға болмайды екен. Он жылға жуық жеңіл атлетикамен айналысып келе жатқан балам үшін бұл ауыр соққы болар еді. Бір жағынан тағдырластары ота жасатып, кері әсері болғаннан кейін ұлым да ота жасатуға қарсы болды.

Жауапсыз махаббат

31 жастағы Руслан бүгінде қашықтыққа жүгіруден еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасы құрамасының мүшесі, Қазақстан республикасының «спорт шебері» атанған.

Былтыр Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен XXIV жазғы Сурдлимпиада ойындарында жүгіруден есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы бәсекеге Қазақстан атынан 10 спортшының бірі болып жолдама алды. Руслан сол жарыста 3000 метрге, 5000 метрге, 10 және 42 шақырым қашықтыққа жүгіруден әлемнің мықтыларымен деңгейлес болып, 7-орын иеленген. Бүгінде бір бөлмелі үйінің бір қабырғасын түгел жауып тұрған алтын алқа саны 150-ден асады.

– Осылай өмір сүріп жатқан соң, бұл жетікстіктер мен марапаттардың не қажеті бар? – дейді Гүлхан апа қынжыла. - Бұл аурухана осыдан 54 жыл бұрын салынған. 2004 жылы жергілікті әкімдік үйсіз жүрген 14 отбасыға осы ауруханадан бір бөлмеден берген болатын. Біз көшіп келген жылдары терезелері жамалып, иесіз тұрған ғимарат еді. Өзіміз жөнге келтіріп, жыл сайын жамап, амалдап келеміз. 2010 жылы жолдасым өмірден өтті. 2019 жылдан бастап бұл үй апатты деп танылды. Апатты үйде бала-келінмен бір бөлмеде тұрып жатырмын. Келіннің аяғы ауыр, болашақ немерем де осы жерде тұруға мәжбүр болады. Бұл әділетті ме? Менің балам елі үшін қаншама еңбек сіңірді, патриот, елін жақсы көреді. Бірақ, оның және отбасының қалай өмір сүріп жатқанына қарасаң, мұны жауапсыз махаббат деуге болады.

Бүгінде Гүлхан апа жалғызбасты ана әрі апатты үй тұрғыны ретінде үй кезегінде 25-орында тұр. Ұлы мүгедектігі бойынша кезекте 27-орында. Бірақ кезек жылжыр емес.

 - Әкімдікке барсақ, беріліп жатқан үй жоқ, кезек күтесіз деп шығарып салады. ...Бүгін тағы жаңбыр жауып тұр. Төбеден су кеткенде, жататын жер таппай қаламыз. Түнде сол тесіктерден үйге жарғанаттар кіріп, ұйықтатпайды. Жардың бәрі ылғалдан көгеріп кетті. Тіпті, жуыну үшін «кіреберіске ешкім шықпаңдар» деп, сол жерде шомылып аламыз. Ел чемпиондары, міне, осылай өмір сүріп жатыр.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттер мен бейнежазбаны Гүлхан Салихова ұсынды

28 қараша 2023, 18:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.