Тергеу органдарымен азаматша Т. аса ірі мөлшерде ақша тарта отырып, қаржылық пирамиданы құрып, оған басшылық жасағаны үшін (ҚК-тің 217-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және басқару») айыпталды, деп хабарлайды Атырау қалалық №2 сотының баспасөз қызметі.
Сот сотталушы РФ азаматы Д.-ның «Thefiniko» компаниясын құрғанын біліп, адамдар тобымен алдын ала сөз байласып, оған қосылуға және компания атынан әрекет жасауға шешім қабылдағанын анықтады. Әлеуметтік желілер арқылы және өзіне жақын адамдар арасынан компанияға салымшыларды тартқан.
Т. компанияға 19 жәбірленушіні тартқан, жалпы келтірілген залал сомасы 108 млн теңгеден астам соманы құраған, оның ішінде ол тергеу сатысында 93 млн теңге залалдың орнын толтырған (өтелмеген залал сомасы – шамамен 15 млн теңге). Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, экономикалық сараптама қорытындысымен, маман қорытындысымен, фото және бейнематериалдармен толықтай өз дәлелін тапты.
Прокурор сотталушыға 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты өзін ақтауды сұрады. 18 жәбірленуші (бір жәбірленушіден басқа) келтірілген залал өтелгендіктен сотталушыға бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза түрін тағайындауды сұрады.
Сот үкімімен Т. кінәлі деп танылып, оған қаржылық, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан 7 жыл мерзімге айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Оның зейнеткерлік жасын және келтірілген залалдың ішінара өтелгенін ескеріп, сот ҚК-тің 63-бабын қолданып, жазаны шартты түрде тағайындады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Дайындаған Жомарт ӘМІРХАНОВ