Атырау, 26 қараша 11:28
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

2023 жылы Атырау облысында 3 ереуіл болды

702 просмотра

Бұл туралы жақында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы, ҚР бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген ОСПАНҚҰЛОВ мәлім етті.

Баяндамашы сондай-ақ елдегі кәсіпорындардағы жағдайға қалай мониторинг жүргізіліп жатқаны, жұмысшылар мен кәсіподақтардың шағымдарын талдау, еңбек ұжымдарындағы жағдайды тұрақсыздандыру тәуекелдерін анықтау бойынша құзырлы органдар мен БАҚ-тан түскен жедел ақпараттар туралы айтты.

«Биыл 1 қаңтардағы жағдай бойынша республика бойынша мониторингте әртүрлі еңбек тәуекелдері бар 109 кәсіпорын болды. Өткен кезеңде алғышарттары бар немесе еңбек жанжалдары болған 149 кәсіпорын Ахуалдық орталық мониторингіне енгізілді. Бүгінгі күнде 69 кәсіпорын бақылауда, олар бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар және еңбек жанжалдарын болдырмау бойынша шаралар қабылдауда», – деді Төлеген Оспанқұлов.

Биыл республиканың 15 кәсіпорнында 3 сағаттан астам уақытқа кәсіпорын жұмысы тоқтатылған ереуілдер болды. Маңғыстау облысында – 7, Атырау облысында – 3, БҚО – 2, Ақтөбе облысында – 2, Ұлытау облысында – 1.

Қазіргі уақытта барлық ереуіл аяқталды. Жұмыскерлердің негізгі талаптары – жалақыны арттыру, «ҚазМұнайГаз» АҚ еншілес ұйымдарының штатына ауыстыру, сыйақылар төлеу, еңбек жағдайларын жақсарту, жалақыны индекстеуді жүргізу, - деді Оспанқұлов.

Салалық бөліністе жанжалдардың негізгі үлесі мұнай-газ, тау-кен металлургиясы және коммуналдық салалардың кәсіпорындарына, сондай-ақ олардан тапсырыс алатын ұйымдарға тиесілі.Барлық ереуілдер Еңбек кодексінде белгіленген жұмыскерлердің талаптарды ұсыну рәсімдерін сақтамай, «стихиялық тәртіппен» өтті. Осыған байланысты сот шешімімен 5 ереуіл заңсыз деп танылды.

23 қараша 2023, 16:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.