Бүгін «Салтанат сарайы» ғимаратының тұрағында шұғыл ден қою жасағының, нақтырақ айтсақ техникалар мен жеке құрамның саптық дайындығын тексеру шарасы өтті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Оқу-жаттығу жиынына Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Жаңабаев және облыстық Жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Есмұхан Қажкенов қатысып, жедел әрекет ету жасағының күштері мен құралдарының қысқы төтенше жағдайларға дайындығын тексерді.
- Бүгінгі оқу-жаттығу жедел әрекет ету жасағының қызметтері мен құралымдарының қысқы кезеңдегі ықтимал төтенше жағдайларды жою бойынша іс-қимылдарға дайындығын одан әрі жетілдіру және тексеру мақсатында өткізіліп отыр. Біз кез-келген оқиғаға сақадай сай болуымыз керек. Қыс мезгілінде төтенше жағдайлардың орын алу ықтымалдығы жоғары. Сол себепті «Қыс-2023» оқу-жаттығуының маңыздылығы зор,- деді Н.Жаңабаев.
Оқу-жаттығуға «ҚазТрансОйл» АҚ Атырау мұнай құбырлар басқармасының «Авариялық құтқару командасы», «Қазақтелеком» АОДТ АҚ-ның «Авариялық байланысты қалпына келтіру командасы», «Ембімұнайгаз» АҚ-ның «Құтқару командасы», «Атырау жылу электр орталығы» АҚ-ның «Авариялық құтқару командасы», «Атырау облысы Су Арнасы» КМК-ның «Авариялық техникалық командасы», «КазТрансГазАймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалының «Авариялық техникалық командасы», Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Медициналық көмек көрсету командасы», Атырау облысының ПД-нің «Патрульдік полиция құрамы», Атырау облысының ТЖД-нің «Өрт сөндіру және құтқару жасағы» қатысты.
Еске салайық, Атырау облысы бойынша жедел әрекет ету жасағында барлығы 45 техника мен 198 қызметкер бар.
Аталған оқу-жаттығу жұмыстары ертең де жалғасын таппақ. Онда «Атырау жылу электр орталығы» АҚ-ның қысқы кезеңде төтенше жағдайларды жою бойынша авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуі тексеріледі. Кейін Атырау-Орал тас жолын жабу бойынша іс-қимылдарды пысықтау жұмыстары жүргізілмек.