22 қараша күні «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Атырау қаласы Көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлері учаскелік инспекторлармен бірлесіп, Каспий ықшамауданында Қытай Халық Республикасының төрт азаматының төлқұжаттары жоқ екендігін анықтаған.
Шетел азаматтары қабылдау-тарату орнына орналастырылып, оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-тармағы («Шетелдіктің ҚР халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы») бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, жинақталған іс-құжаттар сотқа жолданды.
Сондай-ақ, шара аясында Атырау қаласындағы №2 қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері қаланың үш тұрғынын ұстады. Олар заңның бірден үш бабы бойынша: белгіленбеген жерде сауда жасағаны, қоғамдық орынды ластағаны үшін және мас күйінде болғаны үшін жауап беретін болады.
Полицейлердің айтуынша, олар қоғамдық тәртіпті қорғап қана қоймай, түрлі деңгейдегі қылмыстардың алдын алу бағытында жұмыс істеп, «мүлдем төзбеушілік» қағидатын сақтауға ерекше көңіл бөледі.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ПД ұсынған сурет