Облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ Исатай ауданына жұмыс сапарының барысында Исатай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Алдымен бұл ауылда атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
Күн тәртібінде ауылдағы жалғыз мектепті күрделі жөндеу талқыланды: қазіргі уақытта оқушылар оқуға жарамсыз ауылдағы үш мекемеде бөлініп оқиды, сабақтар 35 минутқа қысқартылған.
- 320 орындық мектептің күрделі жөндеу жұмыстары осы жылдың мамыр айында басталды. Жиынға келмес бұрын сол мектепке арнайы барып, жұмыстарымен таныстым. Мектептің күрделі жөндеу жұмыстарының құрылыс кестесіне сай жүргізілмеуінен балалар жүйелі білім ала алмай отыр. Бұл өз кезегінде білім сапасына кері әсерін тигізеді. Мердігер мекеме «ГрандСтройСервис» ЖШС білім ордасын 2024 жылдың 7 қаңтарында аяқтауы тиіс. Бірақ оқыту жүйесіндегі ыңғайсыздықты жою үшін жыл соңына дейін аяқтауды тапсырамын,-деді С. Шәпкенов.
Жиында Серік Шәпкенов Исатай ауылында бой көтеретін спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын екенін, келесі жылы құрылысы басталатынын жеткізді. Мәдениет үйі мен балабақша ғимараты ескіргендіктен, жаңа нысан салу үшін қажетті құжаттарды жинақтауды жүктеді.
Кездесуде тұрғындар интернет желісінің сапасын арттыру, ауылды көгалдандыру, теміржол вокзалының қызмет көрсету деңгейін көтеру сынды мәселелерді көтерді.
Кейін аймақ басшысы тұрғындарды жеке сұрағы бойынша қабылдап, мәселелерін сала мамандарымен бірге қарады. Облыс әкімі азаматтар көтерген әр мәселе өзектілігіне қарай заң аясында кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.
Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің Исатай ауылының тұрғындарымен кездесуі Исатай ауданы әкімдігінің Facebook, Instagram желісіндегі ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.
Анықтама үшін: Исатай ауылында 1468 адам тұрады. Мұнда мектеп, балабақша, мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория сынды әлеуметтік нысандар бар.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ ұсынған суреттер