Биыл облыс аумағында 212 өрт оқиғасы тіркелді. Нақтырақ айтқанда, Атырау қаласы бойынша - 120, Жылыой ауданы бойынша - 22, Исатайда - 5, сонымен қатар Құрманғазыда - 14, Мақатта - 12, Махамбетте – 17, Қызылқоға және Индер аудандарында – 11 өрт оқиғасы орын алды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
- Өрт шығуының ең басты әрі бірден-бір себебі – бұл электр аспаптарын монтаждау және техникалық пайдалану ережесін бұзудан. Оған қоса, отты абайсыз қолданудан және пештерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің дұрыс сақталмауынан. Сонымен қатар балалардың отпен ойнауынан, яғни сіріңке, оттық сынды тағы басқа жанғыш заттарды пайдалануынан туындап отыр. Тіркелген өрт оқиғасының басым бөлігі тұрғын үй секторында. Нақтырақ айтсақ, 117 өрт оқиғасы немесе 60%-ы тұрғын үй секторында тіркелген. Бұдан бөлек, Құрманғазы, Мақат және Исатай аудандарында тұрғын үйдегі өрттердің көбеюі байқалады, - деп мәлімдеді Атырау облысы ТЖД бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Жасұлан АҚТАЕВ.
Оның айтуынша, биыл 13-17 қараша аралығында жатақханаларда заңнаманың бұзылуын анықтау мақсатында «Жатақхана» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілген. Аталған іс-шара барысында облыс аумағында орналасқан есепте тұрған 23 жатақхана және 47 хостелдің тізімі анықталып отыр.
- Анықталған жатақханаларға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау және газдан уланудың алдын алу мақсатында 287 тұрғынға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, мекеме басшыларына хат жолданды. Профилактикалық жұмыстар жүргізу кезінде облыс бойынша жатақхана ғимараттарындағы анықталған кемшіліктерді көрсетіп, ұсыныс хаттар жолданды, - деді Ж.Ақтаев.
Ол облыс тұрғындары мен қонақтарына күнделікті тұрмыстағы қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды ескертті.
ӨКҚ жолдаған суреттер