Атырау, 23 қараша 08:47
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Тереңдету жұмыстары: мұз құрсанғанша үлгерсе екен

818 просмотра
freepik.com 

«АЖ» редакциясының атына «Су-Айдыны» қоғамдық қорының басшысы Ахлима АБДУЛОВАДАН Жайық өзенінде тереңдету жұмыстарын жүргізген компанияны сынға алған хат келіп түсті. Хаттың мазмұнына сүйенсек, атқарылған жұмыстың нәтижесіне қоғам белсендісінің көңілі толмаған. Алайда балық өтетін каналдарды тазарту сапасына көңілі толмайтын ол ғана емес: бұл мәселені Парламент Мәжілісінің депутаттарымен кездесуге қатысушылар бірнеше рет көтерген еді.

А.Абдулованың сұранымы бойынша қалалық мәслихатта тапсырыс беруші – облыстық құрылыс басқармасы мен мердігер – «Павлодар өзен порты» АҚ-мен кездесу өтті. Жайық өзенінің балық шаруашылығы су қоймалары мен жүргізіліп жатқан тереңдету жұмыстарын тексеру үшін көшпелі комиссия құру туралы шешім қабылданды. Комиссия құрамына қоғам белсенділері, жергілікті депутаттар және А.Абдулованың өзі кірді.

Еске салсақ, жыл басында Жайық (6 млрд теңге) және Қиғаш (10 млрд теңге) өзендерінің сағасын тереңдету жұмыстарының құны туралы хабарланған болатын.

 

Приморск каналы 

Мәселен, төрт нысан: Приморск балық өтетін каналы, Зарослый каналы, 3 ерік және 6 ерік тексерілді.

Комиссия 19 шақырымдық Приморск каналының бойын моторлы қайықпен аралады. «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында орналасқан осы канал балықтың қырылуына байланысты жанжал ошағына айналғаны есімізде. Бұл канал өзінің табиғи арнасы Жайық өзенінен бастау алып, Каспий теңізіне құяды. 

Абдулованың хатына оралсақ, онда ол өз көргенін былай сипаттайды: 

«Тереңдету жұмыстары каналдың бастау алған жерінен емес, ағыс бойымен төмен 3-3,5 шақырым қашықтықта, көпір астында жүргізілді (бастау алатын жерінен нақты қашықтықты анықтау мүмкін болмады). Өңделген топырақтар жағалауда жинақталады, ені 8 метр жобалық белгіге сәйкес келеді. Мердігер компания өкілдері жоба бойынша алынатын қабаттың 1,5 м екенін түсіндірді. Біз су тереңдігін өлшеген кезде каналдағы су тереңдігі бір метрден басталады, кей жерде бір метрден сәл астам, 1,5 метрге жеткені сирек. Тіпті бір метрден де аз жерлер кездескен! Мердігер 7 шақырымдай жерге жұмыс жүргізген, 2023 жылдың соңына дейін тағы 12 шақырым шамасында тереңдету жұмыстарын жүргізу қажет.

Канал түбінен алынған топырақ су айдыны маңындағы жағалау жиегіне лақтырылады. Канал түбінен қазылған топырақ жағалауда кесектеліп жатқан жерлер кездесті. Бұл нысанда 3 экскаватор және 1 балшық сорғыш кеме жұмыс істейді».

 

Зарослый каналы 

Ұзындығы 26 км Зарослый каналы да өзінің табиғи арнасы Жайық өзенінің арнасынан бастау алып, Каспий теңізіне құяды. 

Тексеру барысында жұмыстың талапқа толық сай келмейтіні анықталды. 

«Бұл жерде де тереңдету жұмыстары Зарослый каналының Жайық өзеніне қосылатын жерінен емес, ағыстан 2-3 шақырым төмен жерде басталған. Бізге түсіндіргендей, жоба бойынша алынатын топырақ қабаты - 1,5 м. Каналдағы тереңдікті өлшеген кезде тереңдіктің 0,6-0,8 м-ден 1,0-1,2 м-ге дейін екені анықталды. Орындалған жұмыстардың жоба тапсырмасына сәйкес келмейтіні туралы ескерткенімізде, мердігерлер бұл жердегі жұмыстар толық орындалмағанын айтты, - деп жазады Абдулова. – Осы жыл соңына дейін бұл жерде әлі де тереңдету жұмыстары жүргізіліп, алынған қабат жобалық деңгейге жеткізіледі. 

Әрі қарай біз ағыс бойымен 7-8 шақырымға төмен түстік, ол жерде қазір жұмыс жүргізіліп жатыр. Суда экскаватор-амфибия тұрды, бірақ ол жұмыс істемеді. Рейканың көмегімен өлшеген кезде судың тереңдігі 1,0 м-ден 1,2-ге дейін; 1,3 м шамасында болды. Канал ені жоба тапсырмасына сәйкес келеді. Бұл жерде де су қоймасының түбінен игерілген топырақ жағалау белдеуінде үйіліп жатыр. Учаскеде 1 экскаватор-амфибия жұмыс істеп тұр, жыл соңына дейін әлі де 5 шақырым қашықтықта теңізге қарай канал түбін тереңдету жұмыстары жүргізілуі керек».

 

Еріктерде жұмыс әлі басталмаған

3 ерік және 6 еріктегі тереңдетілетін учаскелерге тексеру жүргізілмеді, өйткені ол жерде қазіргі уақытта жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Мердігер компания өкілдері комиссияға мұның техниканың тапшылығына байланысты екенін түсіндірді, ол жақын арада Павлодардан келуі тиіс екен. 

«Тексеру нәтижесінде белгілі бір проблемалар анықталды, оларды шешу үшін мынадай ұсыныс айтқым келеді:

1. Приморск каналы, Зарослый каналы, 3 ерік және 6 ерік балық шаруашылығының су қоймалары, сондықтан мелиоративтік жұмыстарды жүргізген кезде, ең алдымен, балықтың қыстайтын шұңқырларға кедергісіз өтуі үшін қолайлы жағдай жасауға назар аудару керек және қыста қырылып қалуына жол бермеу қажет. Қыста мұздың қалыңдығын, сондай-ақ су деңгейінің ауытқуына әсер ететін жел екпінін ескере отырып, балық кедергісіз өту үшін балық шаруашылығы су қоймаларында судың минималды тереңдігі 2 метрден кем болмауы керек деп есептеймін. 

2. Жобалық-сметалық құжаттаманы ресімдеу кезінде Ихтиология ғылыми-зерттеу институтынан міндетті түрде келісім алуы қажет. Айта кету керек, каналдардағы судың минималды тереңдігі келісілуі керек, мұнда мұздың орташа жылдық қалыңдығын ескере отырып, каналдардағы сабалық су деңгейі белгілері қарастырылады. 

3. Аталмыш жұмыстар, ең алдымен, балықтың уылдырық шашу үшiн кедергiсiз өтуiне және оның жайылымдық жерлерге әрi қарай еніп, көбеюi үшiн жүргiзiледi. Қазіргі уақытта балықтың кедергісіз өтуіне жағдай жоқ.

Тереңдету жұмыстары балықтың уылдырық шашатын жерге оңай өтіп, жайылымға түсуі үшін жүргізіледі. Бұл жерде балық үшін мұндай жағдай жоқ, өйткені Зарослый және Приморск каналдарында Жайық өзенінің арнасымен де, Каспий теңізінің акваториясымен де байланыс жоқ. Тереңдету жұмыстары каналдардың ортасында жүргізіліп жатыр. Сондықтан бұл каналдарда тереңдету жұмыстары қандай мақсатта жүргізіліп жатыр деген сұрақ туындайды. Аталмыш су қоймаларының бастау алатын бөлігін Жайық өзенінің арнасымен және саға бөлігін теңіз акваториясымен байланыстыру мәселесін шұғыл шешу қажет. Каналдарды су акваториясымен байланыстыру - балық шаруашылығы үшін құндылығымен қатар оның бастапқы табиғи арнасын қалпына келтіреді, су қоймасының гидрологиялық жағдайы да жақсарады, каналдарда су еркін ағады. 

4. Каналдардың түбінен алынған топырақ су жағасынан белгілі бір қашықтықта белгіленген нормативтер бойынша жинақталуы тиіс. Канал суының қайтадан ластануын болдырмау үшін судан бөліп, қоршау қажет. 

Су қоймаларының мұз құрсануына екі айдан аз уақыт қалды, бірақ тереңдету жұмыстары толық аяқталған жоқ. Павлодар қаласынан тереңдету техникасы әлі келген жоқ. Уақыт тапшылығы мен мерзімнің тығыздығынан мердігерлер асығып, бұл жобалық тапсырма талаптарының бұзылуына және жұмыстың сапасыз жасалуына әкеледі. 

Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып: жүргізіліп жатқан тереңдету жұмыстарының тиімді нәтижесіне қол жеткізу және мемлекет қаражатын мақсатына сай үнемді пайдалану үшін облысымыздың аумағында бұрын қолданылған машина-мелиоративтік станциясын (ММС) үлгі ете отырып, Атырау қаласында мелиоративтік-тереңдеу базасын құру туралы ұсыныс беремін. Бұл ұсыныс тереңдету техникасын басқа аймақтардан тасымалдауға және еліміздің басқа өңірлерінен мамандарды тартуға жұмсалатын қаржыны қысқартуға мүмкіндік береді. Облыстық станцияның болуы жергілікті мемлекеттік органдар мен жұртшылыққа атқарылған жұмыстардың сапасын қатаң бақылауға, жергілікті кадрлар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға және бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жергілікті мамандар өз жұмыстарын атқара отырып, Жайық-Каспий бассейнінде орналасқан су қоймаларының жағдайына бей-жай қарамайтындықтан, жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасына үлкен жауапкершілікпен қарайтынын атап өткім келеді».

Айтпақшы, «АЖ» «Павлодар өзен порты» АҚ өкілдерінен ақпарат алмақ болған еді, бірақ компания басшылығы байланысқа шықпады.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

10 қараша 2023, 13:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.