2023 жылдың қыркүйек айында екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пунктерінде жалпы салмағы 133,2 келі 2 609 өлшемелі алтын құйма сатылды.
Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 4,9 тонна 140 864 алтын құйма сатылды.
Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық алтын құйма. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі 26% – 36 386 дана. Одан кейін 5 грамдық алтын құйма – 31 766 дана (22%), 100 грамдық құйма – 30 458 дана (22%), 20 грамдық құйма - 25 365 дана (18%), және 50 граммдық құйма – 16 889 дана (12%).
2023 жылғы қыркүйекте ең көп сатылған алтын құймалардың көлемі Алматы (1 495 дана, 57%), Шымкент (608 дана, 23%) және Астана (170 дана, 7%) еншісінде.
Алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып ала алады.
Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және жиегі бар) және арнайы қорапқа салынып шығады, сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғап тұратын қорап, сондай-ақ сапа сертификаты болып саналады. Сондықтан, алтын құйманы ұқыпты сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес береміз.
Жомарт ӘМІРХАНОВ