Ақтөбелік дәрігерлер Денсаулық сақтау министрлігінің бүйрегі жоқ науқастарды емдеу туралы бекіткен жаңа нұсқаулығына қарсы. Себебі олар шенеуніктер міндеттеген ем адамдардың дертіне дауа болмай, керісінше өлімге әкеледі, -деп отыр. Оған сәйкес диализ аппаратына тәуелді жандардың қанын сұйылтудың орнына, ұйытатын дәрі қолдану қарастырылған. Ең сорақысы-жоқ бүйректі ультра дыбыстық тексеруге ай сайын түсуге міндеттеліпті.
Өңірдегі бүйрегі жоқ науқастарға қызмет көрсететін жалғыз емхананың дәрігерлері таңсәріден жұмысты ысырып қойып, наразылыққа шықты. Олар Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа нұсқауымен танысып жағаларын ұстаған. Себебі құжатта онсыз да қанға зәру науқастардан үнемі сараптама алу, жоқ бүйректі ультра дыбысты тексеруден өткізу, тыйым салынған дәрілерді қолдану жазылыпты. Жоғарыдан келген бұл бұйрықты орындайтын болсақ науқастарды дертінен айықтырмақ тұрмақ, о дүниеге өз қолымызбен аттандырамыз,-дейді дәрігерлер.
Бақытжан Жұбанышев, емхана дәрігері:
- Тізімдегі дәрі-дәрмектерді қолдансақ біздің ауруларымыздың жағдайы нашарлап, өлімге әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан біздің наразылығымыз, қарсылығымыз сол протокол арқылы біздің ауруларымызды жоғалтпауымыз керек.
Бүйрегі жоқ науқастар арнайы аппараттың ғана көмегімен жер басып жүр. Сондықтан аптаның бес күнін осында өткізетін олар қандай емнің тиімді екенін кейбір мамандардан да артық біледі. Алты жылдан бері жасанды бүйрек аппаратына тәуелді Тұрсын Аманов та министрліктің нұсқаулығынан шошынып отыр.
Тұрсын Аманов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Тағы бірдеңелер береді деп айтып жатыр. Біз айттық осы жарайтын шығар. Бұдан артыққа біз көп шыдай алмаспыз. Өзіміздің жаста бірталайға келіп қалды. Қай-қайсы да шыдамайды сұрап отырмыз ғой.
Нұсқаулықты орындаудан бас тартқан емхана өкілдеріне жақында Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті департаментіндегілер келіп 23 млн теңге айыппұл салыпты. Олар бекітілген құжаттан аттап ешкім кете алмайды деп отыр.
Бекмырза Ілиясов, Ақтөбе облыстық медициналық қызметке ақы төлеу жөніндегі комитет департаменті бастығы:
- Біздің нормативті акт бойынша, стандарт бойынша жазылған, айтылған. Соны толық жасау керек.
Ал нұсқаулықты әзірлеген Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы экономикалық кеңес екен. Олар қаржы жағын ғана қарастырған деп налиды дәрігерлер. Сондықтан кәсіби медициналық мамандарды тартып, осы шешімді өзгертуді талап етуде.
Дереккөз: КТК