Атырау, 23 қараша 12:30
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

ХАМАС ұйымының Газа секторындағы қақтығысының астарында не жатыр

908 просмотра
Сурет: Midjourney

Израиль мен Палестинаның ХАМАС ұйымының арасындағы кезекті қақтығыстан қайтыс болғандардың саны мыңға жетті. Kazinform агенттігі бұл материалда оқиғаның себебіне үңіліп, ХАМАС ұйымы бұл әрекеті арқылы нені көздеп отырғанына ой жүгіртіп көрді.

ХАМАС қалай пайда болған?

ХАМАС ұйымының атауы араб тілінен аударғанда «ұмтылыс» деген мағынаны береді. Ал қысқартылған сөз ретіндегі тәпсірі - Харакат әл-Мукавама әл-Исламия деген сөз болып шығады.

ХАМАС-тың құрамында ислам қозғалысы мен саяси партия бар. 2007 жылы сол кездегі президент Махмұд Аббасты жақтайтын, Палестина автономиясы мен Палестинаны азат ету ұйымы жетекшілік ететін ФАТХ күштеріне қарсы қысқа соғыстан кейін Газа секторында билікке келген.

Жалпы, ұйым Газа секторында 1987 жылы пайда болған. Негізін қалаушы тұлғалар – шейх имам Ахмед Ясин мен оның көмекшісі Абдулом Әзіз ар-Рантисси. Бұл кезең Палестинаның Израиль басқыншылығына қарсы алғашқы күресімен тұспа-тұс келеді.

Басында ол Мысырдағы «Мұсылман бауырлар» қозғалысының бір тармағы ретінде танылды. Мақсаты Палестинаны Израильден азат ету болатын.

Палестинаны азат ету ұйымынан ХАМАС-тың айырмашылығы Израильдің мемлекеттілігін мойындамайды. Бірақ Палестинаның 1967 жылғы аумағын мойындайды.

Израильден бөлек АҚШ пен Еуропа Одағы, Канада, Египет және Жапония ХАМАС-ты тұтастай, кей жағдайда оның ішіндегі «Изз ад-Дин әл-Кассам жасағы» ұйымын «террористік» ұйым ретінде таныған.

Кейінгі кезде ХАМАС пен Газа секторындағы екінші ірі қарулы топ саналатын «Ислам джихады» Израильге қарсы жиі бірігіп әрекет етіп жүр.

Газа секторы деген – Жерорта теңізінің жағалауындағы жалпы ауданы 365 шаршы шақырым болатын, 2,3 млн халқы бар өңір. Бұл аймақ әлемдегі халқы ең тығыз қоныстанған өңірдің бірі саналады.

Газаның әуе кеңістігі мен жағалаудың күзеті түгел Израиль бақылауында. Яғни жүк тасымалы да солардың қолында. Мысыр да өз жағынан дәл осындай бақылау орнатқан.

БҰҰ дерегі бойынша, Газа секторындағы халықтың 80%-ы халықаралық көмектерге тәуелді. Оның ішінде 1 миллиондай адам күнделікті таратылатын азық-түлікпен ғана күнелтіп отыр.

Израиль мемлекеттілігін 1943 жылы жариялағаны белгілі. Дегенмен, Израильді мойындағысы келмейтіндер әлі күнге дейін оның аумағын Палестинаның байырғы жері деп біледі.

Палестиналықтар да Иордан өзенінің батыс жағасы мен Газа секторын, Шығыс Иерусалимді бір сөзбен Палестина деп атайды.

Израильге жасалған бұл жолғы шабуылға не түрткі болды?

ХАМАС өкілі «Әл-Жазира» телеарнасына берген сұхбатында қарулы топ палестиналықтар соңғы ондаған жыл бойып тап келіп жүрген айуандыққа жауап ретінде әскери операция бастағанын айтты.

«Біз халықаралық қауымдастық Газадағы палестиндерге, Әл-Ақса сияқты қасиетті орындарымызға қарсы қатыгездікті тоқтанқанын қалаймыз. Осының бәрі бұл жолғы шайқастың себебі болып тұр», - деді ол.

ХАМАС сенбідегі шабуыл әскери операцияның басы ғана екенін айтып, өзге де қарулы топтарды қатарға қосылуға шақырды. ХАМАС жауынгерлерінің командирі Мохаммед Дейф палестиндер мен өзге де арабтарды басқыншылықты сыпырып тастауға үндеді.

Көптеген сарапшылар мен саясаттанушылар ХАМАС-тың шабуылы Таяу Шығыстағы қаруы ең мықты Израильдің өзін қапыда қалдырғанын айтып отыр. Шабуыл әуеден де, құрлықтан да, теңізден де жасалды.

«ХАМАС Израильге соғысқа дайын еместігін көрсетіп бергендей әсер қалдырды. Соңғы айларда үлкен операцияға дайындалып жатқанын білдірмей, Израильге қарсы шабуыл әзірлеп жатқанын сездірмеді. Мұны теңдессіз барлау тактикасы деуге болады». Reuters агенттігі ХАМАС-қа жақын дереккөздің осындай пайымын жариялады.

Тіпті Газа секторындағы Израильге тиесілі қоныстардың макетін жасап, десант қондыру, мекендерге шабуылдау тәсілдерін пысықтап, дайындалған.

«Әрине, Израиль оның бәрін көріп отырды. Бірақ ХАМАС қақтығысқа ынталы емес деп ойлады», - дейді Мохаммед Дейф.

Ал Израиль қауіпсіздік қызметіндегі дерекөз Reuters-ке Газа секторындағы Израиль әскері толыққанды құрылымдалмағанынын, қарулы күштің басым бөлігі Батыс жағаға көбірек шоғырландырылғанын айтады.

Әрі қарай не болуы мүмкін?

Палестиндер ХАМАС жауынгерлерінің басшысы Мохаммед Дейфтің үндеуіне құлақ аса ма? Қазір мәселенің түйіні осында тұр.

Израиль бұл соғыс бірнеше фронттағы қақтығыстарға ұласып кетуі мүмкін екенін жақсы түсініп отыр. Егер әскери іс-қимылдарға ливандық қуатты қарулы топ «Хезболла» араласса, Израиль үшін бәрінен сол сценарий қауіпті болмақ. Жексенбінің таңында «Хезболла» Израильдің солтүстігіне бірнеше зымыран атты. Бірақ ол шабыуылдан ешкім қайтыс болмаған.

10 қазан 2023, 12:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.