Африкадағы Нигер елінде болып жатқан оқиғалар әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының назарында. Қызығушылықтың артуына себеп Нигер ЕуроОдаққа ірі көлемде уран қорын импорттайды, сондай-ақ Сахел аймағындағы жалпы қауіпсіздік жағдайына байланысты. Қазір бұл елде не болып жатыр? Толығырақ ҚазАқпараттың меншікті тілшісінің материалынан оқи отырыңыздар.
Әскерилер президентті биліктен шеттетіп, шекараларды жауып тастады
2023 жылдың 26 шілдесінде президент гвардиясының сарбаздары ел президенті Мохамед Базумның резиденциясына кірер жолды жауып тастады. 27 шілдеде Нигер әскери-әуе күштерінің полковнигі Амаду Абдраман мемлекеттік телеарнадан сөйлеп, президент Мохамед Базум «ел қауіпсіздігі жағдайы және оны басқарудың нашарлығына байланысты «биліктен шеттетілді» деп мәлімдеді. Билік өздерін отанды қорғау жөніндегі ұлттық кеңес деп атаған әскери топқа көшті. Амаду Абдраман Нигердің шекарасы жабылғанын, жалпыұлттық коменданттық сағат жарияланғанын және республиканың барлық мекемелерінің қызметі тоқтатылғанын айтты. Дегенмен әскерилер Мохамед Базумға құрметпен қарауға уәде беріп, кез келген шетелдік араласуға жол берілмейді деп мәлімдеді.
Бұл - батыс және орталық Африка аймағындағы 2020 жылдан бергі жетінші әскери төңкеріс. Ал 1960 жылы тамызда Франциядан тәуелсіздік алған Нигер тарихындағы бесінші төңкеріс.
Президент Мохамед Базум - шыққан тегі араб жергілікті саясаткер, 2021 жылы ел президенті болып сайланды. (Президент 5 жыл мерзімге сайланады). Ол - аймақтағы батыс елдерімен ынтымақтастықты қолдайтын саясаткерлердің бірі. 3 тамызда бұрынғы президент «The Washington Post» газеті арқылы жұртшылыққа үндеу жасап, газеттің «Пікірлер» бағанында Мохамед Базумның авторлық мақаласы жарияланды. Онда ол оқырмандарға кепіл ретінде жүгінеді.
«Қиын сәтте АҚШ үкіметі және бүкіл халықаралық қауымдастықтан елдегі конституциялық тәртіпті қалпына келтіруді көмектесуге шақырамын», - деді Мохамед Базум.
Сондай-ақ, ол мақалада президент басқарған кезеңде Нигердің қауіпсіздік жағдайы аса жақсарғанын жазады. Одан бөлек, бұрынғы президент Нигердің ұлттық бюджетінің 40 пайызы шетелден келетін көмектен құралатынын, егер елдегі төңкеріс жалғаса берсе, оның тоқтатылуы мүмкін екенін ескертеді.
Дүниежүзілік банктің мәліметтері бойынша, Сахелдің қақ ортасында орналасқан Нигердің экономикасы нашар әртараптандырылған. Ауыл шаруашылығы ЖІӨ-нің 40% құрайды. 2021 жылы 10 миллионнан астам адам (халықтың 41,8%-ы) өте кедей жағдайда өмір сүрді. Сонымен қатар Нигер Нигерия мен Малидегі қақтығыстардан қашқан босқындардың ағынымен күресіп жатыр. 2022 жылдың 31 тамызындағы жағдай бойынша БҰҰ-ның босқындар жөніндегі жоғарғы комиссары (БҰҰ БЖКБ) елде 294 467 босқын мен 350 мыңға жуық қоныс аударушылар бар деп анықтады.
Нигер экономикасы негізінен егін өсіруге, мал шаруашылығы және әлемдегі ең ірі уран кен орындарына негізделген. Елдегі құрғақшылық салдары, шөлейттену, халықтың 3,4% өсуі және уранға әлемдік сұраныстың төмендеуі бұл Африка елінің маргиналды экономикасына нұқсан келтірді.
Нигер - терроризмге қарсы күресте Батыстың тірегі
Теңізге шыға алмайтын Нигер - бұрынғы француз колониясы, Сахель аймағындағы көтерілісшілерге қарсы күресте Батыс елдерінің негізгі одақтасы болып қала берді. Бүгінгі таңда аймақтағы өзекті қауіптердің бірі - Нигерияның солтүстік-шығысында, сондай-ақ Чад, Нигер, Камерун және Малиде орналасқан «Боко харам» террористік ұйымы. 2022 жылдың ақпанында терроризмге қарсы «Такуба» операциясына қатысқан елдердің, соның ішінде Франция мен Канаданың әскерлерін Малиден шығару туралы үндеу жарияланды. Париж әскерлердің бір бөлігін Малиден Нигерге көшірді. Осындай шиеленіс жағдайында арнайы күштерді Буркина-Фасодан шығаруға мәжбүр болды.
Сонымен қатар Нигер - Сахараның оңтүстігіндегі Африкадан заңсыз көші-қонға қарсы күресте Еуропалық Одақтың негізгі одақтасы. Африка жөніндегі мамандар Нигердегі биліктің өзгеруін Мали мен Буркина-Фасодағы көтерілісшілер тобы сәтті пайдалануы мүмкін деген пікір келтірді.
Уран өндіру
Уранды алғаш рет Нигерде 1957 жылы мыс іздеуді жүргізген француз геологиялық зерттеулер бюросы ашты. Сол кезден бастап Франция үкіметі Нигер аумағында аталған металдың кен орындарын іздеуді жалғастырды. 2021 жылы Нигер 2248 тонна уран өндірді, ал 2019 жылдың соңына қарай елдегі жиынтық өндіріс шамамен 150 мың тоннаны құрады. Бұл кезеңде металл ел астанасы Ниамейден солтүстік-шығысқа қарай 900 шақырым жерде орналасқан Арлит және Акокан қалаларының маңында өндіріледі. Осылайша, Нигер әлемдік уранның 4%-дан сәл астамын өндіреді. Қазіргі уақытта тау-кен жұмыстары ашық түрде жүргізіледі, олардың көпшілігінде Нигер мүддесін француздық Somair және Sopamin бірлескен кәсіпорындары қорғап жүр.
Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, уран - Нигердің алтыннан кейінгі екінші ірі экспорты.
Нигер Еуропалық Одаққа уран жеткізетін жетекші ел. Еуратом жабдықтау агенттігінің мәліметінше, ЕО-ның коммуналдық қызметтері 2021 жылы Нигерде өндірілген 2905 тонна уран сатып алған. Бұл ЕО уран импортының 24%-дан астамын құрайды. Нәтижесінде Нигер Еуроодақтағы уранның жетекші көзі ретінде Қазақстаннан сәл озып кетті.
Нигерде болып жатқан саяси оқиғаларға байланысты бірқатар сарапшы аталған Африка елінен Еуропаға уран жеткізілімдері бұзылуы мүмкін деп мәлімдеді. Алайда, қазіргі уақытта Нигердің жаңа билігі тарапынан уран экспорты бағыттары өзгереді деген нақты ақпарат болған жоқ. Өз кезегінде, Еуропалық Одақтың Еуратом агенттігі егер Нигер уран жеткізілімін қысқартса, Еуропада атом энергиясын өндіруге тікелей қауіп төндірмейтінін айтты, өйткені ЕО энергетикалық компанияларының уран қоры алдағы үш жылға жетеді.
Сонымен қатар, уранның бағасы әлемдік нарықта аздап өсті. Дүйсенбіде уранның бағасы 56,15 доллардан 56,25 долларға өсті. Алайда, сарапшылар Нигердегі оқиғаларға байланысты уранның айтарлықтай қымбаттауын болжап отырған жоқ, өйткені саладағы жетекші ойыншылардың көпшілігі уран бойынша ұзақ мерзімді келісімшарттар жасайды.
Нигердегі қазіргі жағдай
Осы материалды дайындау кезінде АҚШ Нигердегі елшілігін ішінара эвакуациялауға бұйрық бергені белгілі болды. Жүздеген шетелдік азамат қазірдің өзінде елден эвакуацияланды. Ал 31 шілдеде наразылық білдірушілер Франция елшілігіне шабуыл жасады. Нигердегі бұрынғы отаршыл держава Франция өз елшілігінің қауіпсіздігіне кепілдік беру үшін елді бақылауға алған әскерилерге жүгінді. Францияның Қорғаныс министрі Себастьен Лекорнудың айтуынша, қазіргі уақытта 1 мыңнан астам француз азаматы мен басқа да еуропалықтар елден шығарылды. Кейбір елшіліктер мен министрліктердің, сондай-ақ президент сарайының айналасында әскери қызметшілер күзетіп тұр.
«Жағдай өзгерді, сондықтан адамдар қатты алаңдайды. Олар болашақта не болады деп уайымдап отыр», - деді Францияның Қорғаныс министрі.
Нигердің астанасы Ниамейдегі Ұлыбритания елшілігі қауіпсіздік жағдайына байланысты қызметкерлер санын азайтатынын мәлімдеді. Сонымен қатар Франция мен ЕО Нигерге қаржылық көмекті тоқтатты.
Батыс Африка мемлекеттерінің экономикалық қауымдастығы (ECOWAS), Батыс Африка елдерінің 15 сауда блогы сонымен қатар Нигермен барлық коммерциялық операцияларды және аймақтық орталық банкте елдің активтерін тоқтату туралы санкциялар енгізді.