Атырау, 23 қараша 19:29
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Грекиядағы өрт: Родос аралынан мыңдаған турист эвакуацияланып, қауіптің «қызыл коды» жарияланды

531 просмотра

Грекияны шарпыған сұрапыл орман өрті салдарынан Родос аралында демалып жатқан 19 мыңға жуық шетелдік турист қауіпсіз жерге шығарылды. Бүгінде аралдағы орман өрті әлемдік қоғамдастықтың назарын өзіне аудартып отыр,депхабарлайды Kazinform.

Грекияның Родос аралындағы орман өрті

Жергілікті биліктің мәліметтеріне қарағанда, Родос аралындағы өрт аралдың орталық бөлігінде 18 шілде күні түс ауа басталды әрі қазіргі уақытта дейін қызыл жалынның алдын алу мүмкін болмай тұр.

Еуропалық одақтың «Коперникус» Жерді қадағалау бағдарламасының мәліметтеріне сәйкес, 23 шілде күні ірі өрт ошағы Родос аралының орталық бөлігінде тағы да тіркелген. Өрт ошағы оңтүстік бағытта таралып барады. Қазіргі сәтте аралда 266 өрт сөндіруші, жаяу отрядтардың 16 тобы мен 55 автомобиль жұмыс істеп жатыр. 2 ұшақ пен 2 тікұшақ та әуеден көмек көрсетуде. Өрт сөндіру күштері тағы 16 өрт сөндірушімен және 8 автомбильмен күшейтілмек.

Родос – «Жерорта теңізі маржаны» немесе «Күн аралы»

Родос - Грекиядағы көлемі жағынан төртінші орынды алып жатқан арал. Эгей теңізіндегі Додеканес архипелагына кіреді. Грекияның оңтүстік-шығысында орналасқан аралдың ұзындығы 77 шақырымды, ал ені 37 шақырымды алып жатыр. Родосты батысында Крит теңізі, ал шығысында Ливия теңізі шаяды. Аралда 115 490 адам (2011 жылғы дерекке сәйкес) тұрады. Родосты оның табиғи көрінісіне, тарихи және археологиялық ескерткіштеріне байланысты «Жерорта теңізінің маржаны» деп те жиі айтады. Родос аралы тарихи тұрғыда ежелгі гректердің Күн құдайы – Гелиостың алып мүсіні Родостағы Колосс орналасқан жер ретінде өте танымал. Қамқоршы құдай Гелиостың арқасында арал «Күн» аралы деген атауға да ие. Аралдың бай тарихы, сұлу табиғаты мен жылы климаты Еуропаның түкпір-түкпірінен, әсіресе Ұлыбритания, Германия және Скандинавия елдерінен көптеген туристер үшін тартымды болып отыр.

Апатпен күреске аптап ыстық пен жойқын жел кедергі келтіруде

Өрт тұтанар алдында бірнеше апта бойы Родоста, сонымен қатар Грекияның басым бөлігінде қуаңшылық тіркелген болатын. Синоптиктердің болжамына қарағанда, бұл жолғы елді шарпыған жылу толқыны оның тарихындағы ең ұзақ ыстық болмақ әрі 16-17 күнге дейін созылады. Бұл 1987 жылы елде орын алған аптап ыстық кезеңнен де ұзақ. Сонымен қатар шілде соңғы 50 жылдағы ең ыстық ай болмақ. Дегенмен, еуропалық сарапшылардың пікірі «эстремалды ыстық толқыны климаттың жаһандық өзгеруінің салдары болуы мүмкін бе?» деген сауалға келгенде екіге жарылып тұр.

Ыстық әрі құрғақ күн райы оттың ұзақ жануына әрі қарқынды өршуіне сеп болып отыр. Өсімдіктің өн-бойындағы ылғалдық сарқылуы да орманды «құрғақ отынға» айналдырып жіберген. Өрттің жылдам таралуына қызыл жалынды жылжып келе жатқан от қабырғаға айналдырған жел де сеп болуда.

Грек басылымдарының жазуына қарағанда, жойқын жел салдарынан өрт аумағы жылдам ұлғайып, тіпті кейбір жерлерде қызыл жалын өртке қарсы жолақтан да асып түсіп, тез таралып барады.

Өрт 43 мың гектар орманды жалмады

Грекияның 24 шілде күні таратқан ресми деректеріне сәйкес, қазірдің өзінде өрт шамамен 43 мың гектар орманды жалмады. Дегенмен, грек құтқарушылары қызыл жалын жалмаған аумақ 150 мың акрға (1 акр 4 046 шаршы метрге тең) дейін ұлғаюы мүмкін екендігін алға тартады. Ал бұл бүкіл арал жерінің 10 пайызын құрайды.

Өңір тұрғындары Родос қаласының нышаны салатын жергілікті бұғы – платонидің тағдырына қатты алаңдаушылық танытуда. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының деректеріне сәйкес, өртке дейін аралда 6,2 мың бұғы болған. Өкінішке қарай, өрт салдарынан 10 бұғының өлексесі табылды. Жануарлардың басым бөлігі қызыл жалын мен түтіннен қашып, аралдың солтүстік жағына ауып кеткен. Құтқарушылардың бағалауына қарағанда, платонилар өрт сөнгеннен кейін ғана үйреншікті жерге оралады. Ал құтқарушылар мен волонтерлер оларды қоректендіру үшін қам жасауы тиіс.

Грекия тарихындағы шетелдік азаматтарды эвакуациялау бойынша ең ірі операция

Қазіргі сәтте Еуропада туристік маусым қызып тұр. Родос аралы – ең тартымды бағыттардың бірі. Сондықтан аралға көптеген шетелдік саяхатшылар келген. Олардың басым бөлігі – Ұлыбритания мен Еуропалық одақ азаматтары.

COVID-19 пандемиясы кезінде күрт төмендеп кеткен халықаралық әуе рейстерінің саны 2022 жылы Грекияның Родос аралы бағытында қайта қалыпқа келген болатын. Коронавирус тараған алғашы жылы аралға келетін ұшақтар саны жылына 586 мың рейске дейін құлдырады. Дегенмен, 2021 жылы аралға қатынайтын ұшақтар саны 1,4 млн-ға жетсе, ал 2022 жылы 2,5 млн-нан да көп болып, пандемияға дейінгі деңгейден асып түсті. Тек 2022 жылдың өзінде ғана Родосқа шамамен 12 млн турист келді. Саяхаттау маусымының шырқау шегіне жеткеніне, табиғи қауіп қатерінің күрделілігіне қарамастан Грекия билігі туристерді қауіпсіз жерге көшіру жұмыстарын сәтті жүзеге асыруда. Ұлыбритания мен Еуропа елдерінің үкіметтері, сонымен қатар жергілікті туристік операторлар туристерді аралдан шығару үшін қосымша ұшақтар жіберіп жатыр.

Жергілікті телеарнаның хабарлауынша, адамдарды эвакуациялауға мемлекеттік аппарат жұмылдырылған. Грекияның Сыртқы істер министрлігі арқылы шамамен 19 мың адамды тұрып жатқан жерінен қауіпсіз жерге көшіру жүзеге асырылған. Олардың көпшілігі – шетел азаматтары. Бұл Грекия тарихындағы шетелдік азаматтарды эвакуациялау бойынша ең ірі операция саналады.

Грекия Сыртқы істер министрі Йоргос Герапетритистің нұсқауымен 22 шілде күні ведомствода байланыстың үш желісімен тәулік бойы жұмыс істейтін дағдарысты басқару тобы жасақталды. Аталған қызмет операторлары шетелдік азаматтардан 2,5 мыңнан астам қоңырау қабылдап, оларға өз көмектерін ұсынды. Туристердің өтініштері негізінен Елшіліктермен байланысуға, тұрып жатқан жерлерінен көшуге және Родостан қалай шығып кетуге болатынына қатысты болды. Сондай-ақ министрлік шенеуніктері жоғалған ұшақ билеттерін ауыстыруға қатысты сауалдарға жауап беріп, Родостағы жағдайға орай жаңартылған ақпаратты ұсынуда.

Ел билігі Родос әуежайында қалып қойған азаматтарға да ерекше назар аударып отыр. Арнаулы кеңсе жұмыс істейді. Грекия Сыртқы істер министрлігі мен шетелдік Елшіліктердің ынтымақтастығы арқасында ұшаққа билеті жоқ туристердің де аралдан кетуі жеңілдетілген.

Арнаулы аумақ құрылған. Онда кішкентай балалары бар отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар орналастырылады. Алдағы уақытта дәл осындай тағы бір орын жасақталмақ. Мұнан бөлек әуежайда тегін тамақ пен бөтелкедегі су да беріледі.

Материал жарияланар сәтте Грекия билігі өртпен күрестің жалғасып жатқанын хабарлады. Өкінішке қарай, таяу күндері жалғасатын аптап ыстық құтқарушылар мен өрт сөндіру қызметінің жұмысын күрделендіре түспек.

Грекия телеарнасының мәлімдеуінше, Родос аралынан бөлек Корфу аралында да өртке қатысты жағдай күрделі. Бұл аралда да жергілікті тұрғындар эвакуацияланып жатыр. Грек билігі Крит аралында да қауіптің «қызыл кодын» жария еткен.

Жергілікті комментаторлар өкінішке қарай орман өрті Грекияда жүйелі құбылысқа айналғанын айтуда. Сондықтан да билік алдағы уақытта Родос сынды өрт қаупі жоғары аймақтарда алдын алу және қауіпсіздік іс-шараларын қабылдауы қажет. Өйткені, өткен жылдың шілде айында ғана Грекия аумағында 53 өрт тіркелген.


26 шілде 2023, 09:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.