Атырау, 24 қараша 09:11
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Неліктен балаларымыз өздеріне қол жұмсайды?

4 123 просмотра

Облыстық ауруханада медиктер мен педагогтардың қатысуымен өткен семинар жасөспірімдердің өз-өздеріне қол жұмсау проблемасына арналды.

2009 жылы Атырау облысында кәмелетке толмаған 6 бала, 2010 жылы 14 бала өз өздеріне қол жұмсап, көз жұмған, Жыл басынан бері тағы да өз өзіне қол жұмсаған үш өлім тіркелген: №5 мектептің тоғызыншы сынып оқушысы, Новостройкадағы мектептің жетінші сынып оқушысы және Махамбет ауданының 17 жастағы тұрғыны көз жұмған. Олардың ішіндегі ең кішісі новостройлық жасөспірім материалдық қиындықтарды бастан кешірген екен. Ол жұмыссыз мүгедек анасымен екеуі баспана жалдап тұрған. Балаға нандығын тауып жұмыс істеуіне тура келген. Сабақтан тыс мезгілде металл сынықтарын жинайды екен. Бірақ мектебін тастамаған. Соңғы кездері мұғалімдер баланың өте тұйықталып кеткенін байқаған. Отбасы мұқтаждықтан қиналып, бала кейде дүкеннен азық-түліктерді қарызға алатын болған. Өлер алдында ол барлық қарызын өтеп, анасына азғана уақытқа ғана бірнеше мың теңге қалдырып кеткен.

«Отбасының материалдық жағдайының ауырлығы ма, ата-аналардың ажырасуы ма, құрдастарымен немесе мұғалімдерімен кикілжіңге келуі ме, жауапсыз махаббат па әлде тағы басқа нәрсе ме, бұған не себеп екендігін дәл айту оңай емес. Өздеріне қол жұмсап көз жұмған балалардың 85 пайызы материалдық жағынан ауқатты отбасынан шыққан, олардың жартысы толыққанды отбасында тәрбиеленген», - дейді облыстық балалар құқығын қорғау жөніндегі департамент директорының орынбасары Гүлфариза ҒҰБАШЕВА. - Біз 5 мектептегі 220 балаға сауалнама жүргіздік. Сауалнамада сұрақтар көп болды. «Егер сені ренжітсе, кімге шағымданасың?» деген сұрақтан олардың жартысы қайда және кімге айтарларын білмейтіндігі анықталды. «Мектеп психологына жүгінесің бе?» деген сұраққа, 180-і «жоқ» деп жауап берген. «Мектепте сенің құқығың туралы ақпарат бере ме?» деген сұраққа 191 бала «жоқ» деп жауап беріпті.

Семинарға қатысушылар 2007 жылдың желтоқсанында үкіметте кәмелетке толмағандар мен олардың құқықтарын қорғау істері жөніндегі ведомоствааралық комиссия құрылғанын, комиссияда тыңдалған алғашқы сұрақтардың бірі өз өзіне қол жұмсау проблемасы болғандығын айтты. Қазір барлық емханаларда штаттық психологтар енгізілуде. Ал мектеп психологтары біліктілікті көтеру курстарынан өтеді.

Семинарға қатысушылар кәмелетке толмағандар арасындағы өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерінің алдын алу шарасы - отбасында және мектепте балаларды шынайы және үнемі қамқорлыққа бөлеу боп табылады деп түйді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

23 наурыз 2011, 21:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.