Атырау қаласы мен Исатай ауданы арасында кісі тасып, такси жүргізушісі болып өз нәпақасын тауып жүрген Исатай ауданының тұрғыны ұсталды. Кейін белгілі болғандай, ол қаладағы «Дина» базарынан бір әйел адамды мінгізіп алып, арам пиғылға барған.
Клиентінің қолында ақшасы мол екендігіне көзі жеткен такси жүргізушісі бөтен ойдың жетегінде кетіп, клиенті көліктен түсіп жатқанда өзі де бірге түсіп, оны кеудесінен ұрып, сөмкесін тартып алып, далада қалдырып кеткен. Көлікте жолаушының базардан сатып алған заттары да қалып қойған болатын. Жолаушы әйел қалып қойған жерден такси тоқтатып, Аққыстау селосына келіп, аудандық ішкі істер бөліміне арызданған.
Исатай ауданы прокурорының аға көмекшісі Ж.ҚАРАЖАНОВТЫҢ айтуынша, тергеу және жедел іздестіру жұмыстары барысында қашып кеткен такси жүргізушісі көп ұзамай қолға түскен. Оның үстінен қылмыстық іс көтеріліп, ҚР ҚК-нің 178-бабы, 2-бөлігінің «а» тармағымен 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға жаза тағайындалған. Сотталушы азамат тергеу кезінде өзінің ақшаға қызығып кеткендігінен сондай іс-әрекетке барғандығын және бұл ісіне қатты қынжылатынын айтқан. Алайда, жәбірленуші сотталушы азаматқа сот отырысында кешірім бергенімен, қылмыстық істің ауырлық сипатына байланысты сот үкімі өзгеріссіз қалып отыр.
Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ