Атырау, 24 қараша 08:10
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Әйелдер колониясындағы ашық есік күні

5 439 просмотра

Наурыз мерекесі күні қаладағы әйелдер колониясында да ерекше аталып өтті. Бүгінде УГ №157/11 түзеу мекемесі 291 адамға толған. Олар мұнда ұлыстың ұлы күні туыстарымен кездесуге мүмкіндік алып қана қоймай, келген қонақтарға әйгілі «Қара жорға» биін билеп берді.

«Қара жорғаны» жазасын өтеуші 100 әйел ортаға шығып биледі. Күннің салқындығына және бұлттылығына қарамастан, көңілге шуақ нұрын сепкен бұл топтық би қозғалысы расында да жылы әсер қалдырды. Бұдан кейін кәмпиттен шашу шашылып, жан-жақтан әйел атаулының қуаныш күлкісі естілді. Ал қонақтармен бірге келген сәбилер кәмпит терісіп, қарқ болды.

Бірінің бөбегі, бірінің ақ жаулықты аналары, енді бірінің ері келіп қауышқан күн темір тордың мұздай тәртібінің болатынын ұмыттырып-ақ жібереді екен. Әр бұрышта сырласу, көрісіп жыласу, сағыныса жүздесу...

Мейрамға қарсы ыждағаттап дайындалған әйелдер өз қолдарымен бауырсақ, Наурыз көже пісіріп, ошақ басында буын бұрқыратып ет асты. Мерекелік концерттен бөлек, олар әдемі киіз үйді де өздері жасапты. Ішін де әрлеген. Көрпе төсеп, жүк жиып, сандық қойып, дастархан жайған.

Бір қызығы, өнерлерін паш еткен жазасын өтеушілер ән шырқап, домбырада ойнады. Әрі құда түсу салтынан көрініс қойды.

Сотталушылардың бірі түрмедегі бойжеткеннің анасына хат жазатыны жайлы «Анаға хат» әнін орындады. Әрине, бұл ән кей қонақтардың көзіне жас үйірілтті.

Айтпақшы, әйелдер колониясына шақырылған тілшілер де пісірілген көже мен бауырсақтан бірінші болып ауыз тиді. Наурыз көжеге жеті түрлі дәм салғанын әңгімелеген сотталушы апай кейін алтыбақан тебісті. Түрменің іші кішігірім тойға ұласып, қазақы ауылдың иісін шығара алды.

Колонияда жазасын өтеп жатқан әйелдерді ұлыстың ұлы күнімен арнайы құттықтауға келген «Демос» үкіметтік емес ұйымы түрлі ойын ұйымдастырып, құқыққорғау саласына қатысты кітаптар мен сыйлықтар таратты. Ұйым жетекшісі Тоғжан ҒИЗАТОВА соңғы үш-төрт жылда қылмыстық атқару жүйесімен бірлесе жұмыс атқарып келе жатқанын айтады. Бұл жолы әйелдер түрмесіндегі тосын сый да қамаудағы қыз-келіншектердің көңілін бір аулап, оларды бостандықта ешкім де ұмытпағанын еске түсіріп қою екендігін атап өтті ол. 

Бір өкініштісі, талай тағдыр тоғысқан бұл түрмеде құда түсу салтында келіннің рөлін сомдаған жас келіншек ұялы телефонды ұрлағаны үшін төрт жылға сотталыпты. Жас келіншекті үйінде екі сәбиі күтіп отыр. Менің бір әріптесім, елімізде батыс елдерінде секілді, ұялы телефон ұрлаған адамға сол ұрланған телефонның құны мөлшеріндегі ақшаны өтейтіндей заң шығару керектігін айтып қалды. Құптарлық ой.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

23 наурыз 2011, 21:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.