Атырау, 26 желтоқсан 18:08
 ашықВ Атырау -4
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Иісшіл иттер психологиясы

6 653 просмотра

Солдан оңға қарай Жеткеншек Байдошов, Нұржан Шынбаев, Михаил Колузанов

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жеңіс шеруіне соғыстың барлық майдандарынан қатысқан әскерлермен бірге Қызыл алаңда жетектеуге ілескен иттердің де жүргенін біреу білсе біреу білмес. Сол бір тарихи шеруге  Кеңес Одағының бас кинологы подполковник Мазовер де қатысқан еді. Бірақ оған салтанатты қадам жасап, бас қолбасшыға құрмет көрсетуге рұқсат берілмеді. Өйткені, ол қолына 14-ші штурмдық  инженер-саперлік бригада  жауынгері  жаралы Жолбарыс есімді  итті көтеріп келе жатты. Төрт аяқты бұл жауынгер  Румыния, Чехия, Венгрия  және Австрияның  миналар қойылған  даласындағы ұрыстарға қатысқан. Сол жерлерде  Жолбарыс 468 мина мен 150 снаряд тапқаны үшін  «Жауынгерлік ерлігі үшін» медаліне ие болған еді. Біздің облысымызда осындай иісшіл иттер бар ма?

Болғанда қандай. Атыраудағы кинология қызметінде өзге тұқымды иттерге қарағанда, неміс төбетімен бірге, спаниельдер басым. Атыраудың бас кинологы Серік АЙТПАЕВ иттердің барлық түрін иісшілдікке үйретуге болатынын айтады.

Мәселен, соңғы үш айда облысымыздағы иісшіл иттердің көмегімен жедел іздестіру шаралары бойынша 20 қылмыстық іс ашылған. Бұл аз ба, көп пе? Мамандар мұны жақсы көрсеткіш деп отыр. Жалпы, қалада ондай қорғаныс қызметіндегі иттер саны қазір – 15 (мұнда ветеринар мамандары да иттерді аптасына бір-екі рет тексеріп тұрады екен). Соның төртеуі есірткі заттарын тәркілеуге, алтауы  қылмыскерді анықтауға, біреуі жарылыс затты табуға, екеуі күдікті немесе қылмыскерді сот мәжілісіне апарарда, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, ендігі екеуі одорологиялық идентификация шарасына үйретілген. Қалған иттер аудандарда да бар. Бірақ, бірді-екілісі ғана. Мәселен, қазір бір ит Астрахан тас жолында шетелден келіп-кетіп бара жатқан жолаушыларды тексереді.

Атыраудың бас кинологы Серік АЙТПАЕВТЫҢ айтуынша, күзетші иттерді әдетте із кесуге алты айдан тоғыз айға дейін дайындайды. Ал, есірткі затын анықтау үшін иісшіл иттерді ерте жасынан үйреткен абзал екен. Сондай иісшіл иттерге есірткі затын табу үшін алдын-ала дайындауға тек марихуана мен гашишті ғана иіскеуге беруге рұқсат. Одан бөлек, иісшіл иттер есірткі имитаторын, яғни есірткіні алмастыратын арнайы ақ ұнтақ дәрілік затты иіскету арқылы із кесіп, есірткіні тәркілеуге септігін тигізеді. «АЖ» тілшісінің «итке есірткі заттарын иіскеткенде, ол соған тәуелді болып қалмай ма?» деген сауалына Серік Амангелдіұлы: «Жоқ, ондай болмайды. Біз тек иіскетеміз, бірақ тамақтарына қосып бермейміз, әйтпесе, ит өліп қалады ғой» деп жауап берді.

Бұдан соң, кинолог мамандары маған иісшіл иттермен жұмыс істеу тәсілдерінің бір-екеуін көрсетті.

ТІЛШІНІҢ ҚОЛҒАБЫН ТАПҚАН МАЛИНУА ЖӘНЕЕСІРТКІ ІЗДЕГЕН ТӨБЕТ

Мен өзім де оларды тексеріп көргім келген. Бір жағы қызығушылық, екінші жағы әуестік еді. Кіші инспектор-кинолог Нұржан ШЫНБАЕВТЫҢ (суретте) кинология саласында жүргеніне үш жыл болды. Ол өзінің бағымындағы(мұнда әр иттің өз иесі белгіленген, бір кинологтың мойнында екі ит бар) Моника есімді малинуа тұқымдас Бельгия төбетіне менің бір қолғабымды банкінің ішіне салып иіскетті. Екінші қолғабымды тығып қойды да, итіне іздеуге бұйрық берді. Санаулы секундтардан соң, ақылды ит менің қолғабымды еш қиындықсыз тауып алды. Одан соң, есірткі іздеуге үйретілген Наида есімді жас төбет бес жәшіктің бірінің ішіне салынған есірткі имитаторын іздеуге кірісті. Бұл итке сәл бас қатыруға тура келді. Себебі, ол сол сәтте өз бабында емес еді. Дегенмен, ол да көп жаңылмады, іздегенін тапты.    

Бұл аталған екі ит те кинологтардың мақтанышы. Өйткені, Моника тонау кезінде қылмысты әшкерелеуге қатысса, Наида жақында есірткі затын тапқан.  

Негізінен, иісшіл иттердің тәжірибесі 2-2,5 жасында әбден толысып, өз қадамына сенімді әрі бұл із кесу жүйесін жетік игереді, дейді кинолог мамандары. Ал енді иісшіл иттердің зейнеттік жасы – 8-10. Біз барған кинологиялық тәлімбақта 10 жасқа келген егде төбет өз қызметін атқарып болып, енді зейнеттік демалысқа шығуға аттанғалы тұрды. Көп кешікпей, оның орнын жаңа бір ит келіп алмастырады.

Соған байланысты дәл бүгінгі күні кинологиялық тәлімбақта иісшіл иттер мен көзі көргіш иттерді әр қылмысты анықтау бағыты бойынша іріктеу жүріп жатыр. Бұл жұмыс қиынға соғып тұр деген Серік Амангелдіұлы «біз бұл проблеманы қалай да шешеміз деп ойлаймын» деді.   

Және, бір жаңалық – Атыраудағы кинологиялық қызмет орталығында иттерді сырттан сатып алмай-ақ, ондағы иісшіл иттердің күшіктерін өсірумен айналысу жұмыстары көзделуде. Яғни, бізде де күшіктердің тәлімбағы болмақ.

КИНОЛОГ МАМАНДАРЫ ЖЕТІСПЕЙДІ

Атыраудың бас кинологы Серік Айтпаев бүгінде кинолог мамандарының жетіспейтінін мәлім етіп отыр. Қазір қалада барлығы 11 кинолог жұмыс істейді.

- Кинология саласын әлі күнге дейін кәсіп пе, ғылым ба деп бас қатырып жүргендер бар. Көптеген жігіттер бұл салаға көп сіңісіп кете алмайды. Шыдамай, жұмыстан шығып кетіп жатады, - дейді бас кинолог. - Кинолог болу үшін әуелі, ынта және өз ісіңе ғашық болуың қажет. Одан соң, мықты төзім мен ішкі психологиялық дайындық керек. Себебі, біз күні-түні демей жұмыс істеп, 102 қоңырауына түскен дабылдарға полициямен бірге шығып тұрамыз. Ол дабыл қоңырауы уақытты таңдамайды. Алатын табысыңның аздығына қарамастан, сен сондай қиындықтарға төтеп бере білуің тиіс. Киіміңді қанша ауыстыру керек десеңізші? Ол өте ауыр болса да, сенің жұмысың. Содан да бізде көп адам тұрақтамайды. Бірақ, дәл қазір мамандардың тұрақтағанына жарты жыл болды.

Оған қоса, бас кинолог түрлі хабарландырулардан Ресейде кинология саласына даярлайтын курстарға шақырып жататындарды кинология саласын ойыншыққа айналдырғандар деп есептейтінін білдірді. Оның айтуынша, кинология саласы иттерді циркке дайындайтындардың кәсібінен мүлдем бөлек және «тұр, отыр, барып кел, шауып кел» деген бұйрықтарды орындатумен шектелмейді. Біздегі кинологтар Алматыдағы кинологиялық орталыққа үш айға оқуға жіберіледі. Соған қарамастан, тәжірибе көрсетіп отырғандай, кез-келген адам кинолог болып қала алмайды, дейді Серік Айтпаев.

Айтпақшы, Серік Айтпаевтың әкесі Амангелді АЙТПАЕВ (суретте) - Атыраудағы ең алғашқы кинолог. Ол бір кездері әлемнің әр елінен қатысқан иісшіл иттер арасындағы бүкілодақтық кинологиялық жарыста бірінші орын алып, елдің, өңірдің абыройын асқақтаттты.

ЕҢ АҚЫЛДЫ ИТТЕР ҚАНДАЙ?

Жалпы, бүгінгі күні әлемде иттердің 500-ден астам тұқымы бар көрінеді. Таяуда Канадада ғылыми зерттеулердің негізінде ең ақылды иттердің рейтингі жарияланған болатын. Сонда ең ақылды ит – бордер-колли болып танылса, екінші орында пудель тұр екен. Ал үшінші орын неміс төбетіне берілген. Кейінгі орындарға – сары түсті ретривер, доберман-пинчер, шотландық төбет, лабрадор-ретривер және кішкентай папийон жайғасқан. Рейтинг тізімі ротвейлер және австралиялық төбетпен тәмам болған.

Ванкувердегі Британдық Колумбия университетінің ғалымдары иттердің 250 сөз бен ымды ұғатынын және беске дейін санап білетінін анықтаған. Сондай-ақ, иттер қарапайым математикалық есептерді шеше алады екен.

Зерттеу жұмыстарының жетекшісі, профессор Стэнли КОРИН иттердің ақыл-ойының дамуы 2-жасар баланыкімен бірдей екендігін айтқан.

Канадалық ғалымдардың жасаған зерттеуіне сәйкес, ең ақымақ иттер мыналар көрінеді: афгандық борзая (тазы), басенджи, бульдог, чау-чау, гончая (тазы), бладхаунд, пекинес, мастиф, бассет.

Дегенмен қазақы тазылардың иісшілдігі тарихтан белгілі. Бірақ өкініштісі, оларды  әлі ешкім жоғары деңгейде зерттеп бас ауырта қойған жоқ.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

23 наурыз 2011, 21:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.